Елімізде, 24 маусым – сот және сот қызметкері күні – Қазақстанның құқықтық жүйесінің маңызды бейнесі әрі сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн еліміздің заңнамаларының дамуына, адам құқықтарының қорғалуына және сот әділдігінің жүзеге асуына қомақты үлес қосқан сот қызметкерлеріне құрмет көрсетуге арналады.
Осы тұрғыда, 1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңына енгізілген өзгерістер сот жүйесінің құрылымы мен жұмыс істеу тәртібін жаңартты. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, бұл заң азаматтардың құқықтарын қорғаудың негіздерін анықтады. Ол сот жүйесінің қызметінде тиімділікті және әділдікті қамтамасыз ету міндеттерін мақсат етіп қойған болатын. Сот қызметкерлері тек құқық қорғаушы емес, сонымен қатар, мемлекетіміздің құқықтық негіздерін қамтамасыз етуші ретінде маңызды рөл атқарады.
Сот қызметкері – бұл күрделі, жауапты және кәсіби маман. Олар заң талаптарын терең меңгеріп, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау міндеттерін орындауда маңызды шешімдер қабылдайды.
Осы айтулы күн қарсаңында Жамбыл облысы, Қордай аудандық сотының Сот әкімшісі басшысы Айнұр Альханованы ерекше атап өтуге болады. Айнұр Рахымжанқызы 1997-2003 жылдар аралығында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетін «заңтану» мамандығы бойынша аяқтады. Кейіпкеріміз атап өткендей, университет қабырғасындағы білімін практикада қолдану арқылы азаматтардың құқықтарын қорғау жұмысына белсене араласу керектігін түсінді.
Ол өзінің еңбек жолын Қордай аудандық сотының бас маман-сот мәжілісінің хатшысының міндетін атқарушы ретінде бастап, уақыт өте келе жауапты қызметтер атқарды. Айнұр Рақымжанқызының 22 жылдық еңбек өтілі – бұл кәсіби тұрақтылық пен мамандыққа деген шексіз адалдықтың айғағы. Оның ұйымшылдық қабілеті мен кәсіби білімі сот аппаратының жұмыстарын заманауи талаптарға сай үйлестіріп, ауданның сот жүйесінің дамуына өз үлесін қосты.
Тәжірибелі маманның қызметі сот жүйесі үшін жаңаша, үлкен міндеттер мен жауапкершіліктерді біріктіреді. Ол тек кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғайтын, қоғамдағы әдет-ғұрыптарды сақтайтын заңгер. Оның арқасында Қордай ауданының сот жүйесі сапалы және тиімді қызмет атқарады.
24 маусым – Айнұр Альханова және оның әріптестерінің жұмысына мән беріп, сот әділдігінің алға басуына, заңдылық пен құқық қорғау принциптерінің сақталуына бағытталған жұмыстарын бағалайтын күн. Кейіпкеріміздің кәсіби жолы – бүгінгі жас мемлекеттік қызметшілер үшін нағыз өнеге мен тағылым мектебі.
«Еңбегіне қарай – құрметі» демекші, кәсіби мереке қарсаңында біз, барша сот жүйесі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз.
Әділет САТЫШЕВ