КӨПКЕ ҮЛГІ ҚАЙСАР ҚАРИЯ

0

Әдетте, жасы ұлғайған қарт адам жайлы естігенде қайраты азайып, күші әлсіреген, балдаққа таянып, ұмытшақтыққа бой алдырған қартты елестетеніміз рас. Бірақ, жасы жетпістен асып, сексенді еңсерген абыздардың бәрі бірдей бола бермейді екен. Оған дәлел ретінде Қордайлық Нұрғали ӨМІРЗАҚОВ ақсақалды келтіруге болады.

Спортты жанына серік еткен Нұрғали ата 1941 жылы 19 маусымда Алматы облысы, Жамбыл ауылының Самсы ауылында дүниеге келген. Алғашында ауылдық мектепте білім алып, жоғарғы сыныптарды Алматыда оқыған. Одан кейін Түркместанда шекара күзетінде әскер борышын өтеген.

Балалық балғын шағы сұрапыл соғыс жылдары мен одан кейінгі қиын кезеңге тұспа-тұс келіп, талай тағдыр сынағына төзе білген азамат, салауатты өмір салтын бекем ұстанып, мектепте оқып жүрген кезден бастап спортқұмар болған. Бастаған ісінен қорытынды шығармаса көңілінің хошы келмейтін жас орта мектепті жақсы аяқтап, жоғары оқу орнына түседі. Таңдауы да Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институты еді. Әртүрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысып жүріп, институтты доп ойындары (волейбол, футбол, баскетбол, қол добы т.б.) бойынша бітірген жас педагог-жаттықтырушы сәтті аяқтады. Бұл 1968 жылы болатын. Спорт шеберлігіне кандидат волейболшы жолдамамен бұрынғы Красногор совхоз-техникумына (қазіргі Қордай ауылшаруашылығы колледжіне) дене шынықтыру пәнінің оқытушысы болып орналасады. Халқымызда «Балта соғар жігіттің көрігінен белгілі, бөрі соғар жігіттің бөрігінен белгілі» деген сөз бар. Балалық шақтағы спортқұмарлығы басым болып, өмірлік ұстанымына айналды. Қырық жыл техникумда, одан кейін колледжде дәріс беріп мыңдаған шәкіртке ұстаздық етіп, қатардағы оқытушы болып келіп, директордың дене тәрбиесі және әскери іс жөніндегі орынбасары қызметінде зейнет демалысына шықты.

Нұрғали Өмірзақов атаның колледжде ұстаздық етіп, білігерлерді салауатты өмір салтына баулып, спорт жарыстарына қатысуға шақырды. Ұстазының мамандығына деген сүйіспеншілігіне балалар қайран қалатын. Көбісі елістейтін. Өзінің еңбек жолында ардагер спортшы 9 спорт шеберлігіне кандидат, 350 бірінші, 700 екінші, 1500 үшінші санатты спортшылар мен 400 әлеуметтік нұқсаушыларды, 600 төрешіні дайындаған. 1995 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі», 2000 жылы «Жоғары санатты дене тәрбиесі мұғалімі» атағы берілді. 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының «Құрмет» медалімен марапатталды.

Жігітке жеті өнер де аздық етеді деп жатамыз. 2000-шы жылдардың басында кейіпкеріміз қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақты ауданға әкелген. Содан біртіндеп шәкірт тәрбиелеп, бүгінде қордайлық тоғызқұмалақшылар облыс, тіпті республика көлемінде үздіктер қатарында десек қателескендік болмас.

Жасы 85-келген қария әлі де көпшілікті таңдандырып жүр. Ұлттық спорттық ойындармен шұғылданып, күн сайын жаяулатып немесе велосипедпен бір-екі сағат серуіндеуді әдетке айналдырған. Ардагерлер арасында өтетін жарыстарға қатысып, әртүрлі деңгейдегі ұйымдастырылатын спорттық жаыстарда да төрешілер қатарынан орын алуда.

Спортшы қария жастарға жасына қарамай төзімді болуды, салауатты өмір салтын ұстануды және Отан алдындағы жауапкершілікті ұмытпауды өсиет етеді. Ол бозбалалар мен бойжеткендерді бос уақытты тиімді пайдаланып, спортпен жүйелі түрде айналысуға үндейді.

-Ия, әрбір адамның денсаулығы өз қолында. Салауатты өмір салты — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған. Әрбір адам өзіне, халқына, Отанына көбірек пайдасын тигізуі үшін дені сау, күшті, епті, қиындықтан қорықпайтын төзімді, қабілетті болуы тиіс, — дейді ақсақал. – Бүгінгі жастардың арасында спортқа қызығушылығы басым балалардың көп болғаны қуантады. Және олардың саны күн сайын көбейіп келеді. Демек, елімізде салауатты әрі саналы азаматтар өсіп келеді деген сөз.

Нұрғали Өмірзақов спортшы ғана емес, ауылдың қадірменді қариясы, балаларының жол көрсетер әкесі, немерелері мен шөберелерінің үлгі тұтар атасы. Басқаларға өнегелі өмірімен танылған қайсар қария.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.