Жоғары немесе орта кәсіби оқу орнын бітірген жас түлектің алдынан шығатын басты талап — жұмыс тәжірибесі. Дәл осы тұста мемлекет ұсынған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жас мамандар мен жұмыс беруші арасындағы сенімді алтын көпірге айналып отыр.
Ауданымыздағы Мансап орталығы арқылы қызметін тауып, бүгінде сүйікті ісімен айналысып жатқан Абзал Жұмамұраттың оқиғасы — осы сөзіміздің айқын айғағы. Мемлекет басқаруындағы маңызды бағыттардың бірі — жастарды жұмыспен қамту және олардың алғашқы еңбек жолына бағыт-бағдар беру. Бүгінде ауданымызда «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асып, жүздеген түлектердің өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыс табуына септігін тигізуде. Осы бағдарламаның игілігін көріп, алғашқы еңбек жолын емхана қабырғасында бастаған жас маманның бірі — Абзал Жұмамұрат. Өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған ол биылғы жылдың 2 ақпаны ол үшін ерекше күн ретінде есте қалды. Дәл осы күні ол «Жастар тәжірибесі» арқылы жергілікті емханаға алғашқы жұмыс күнін бастау үшін қадам басты.
Жас маманның негізгі міндеті — пациенттен қан алу және дәрігердің нұсқаулығы бойынша инъекция салу. Бұл сырт көзге оңай көрінгенімен, үлкен жауапкершілік пен дәлдікті, сондай-ақ әр пациентке деген ерекше ықыласты талап ететін емдік процесс. «Біздің жұмыс тікелей адам санына байланысты. Мысалы, күніне он шақты адам келетін болса, дәрігердің берген емдеу парақшасына мұқият қараймыз. Егер ем қабылдау мерзімі он күн деп көрсетілсе, сол он күн ішінде әр пациент менің толық бақылауымда болады. Емдеу парақшасын қадағалап, науқас толық айығып, денсаулығы түзелгенше әрқайсысын өз мойныма алып, жауапкершілікпен қараймын. Маған өз жұмысым өте ұнайды», — дейді жас маман. Абзалдың емделушілерге деген осындай жауапкершілігі мен өз ісіне деген махаббаты «Жастар тәжірибесі» арқылы көрініс беріп келеді. Бұл мысал ауданымызда мемлекеттік бағдарламалардың қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде, сапалы атқарылып жатқанының дәлелі.
Жұмыспен қамту орталығының мамандары әрбір жас түлекпен жеке жұмыс істеп, олардың қабілеті мен мамандығына сай келетін мекемелерді тауып беруде үлкен белсенділік танытуда.
Өз мамандығынан бақыт тапқан Абзал Жұмамұрат бүгінде аудандағы жұмыссыз жүрген немесе өз жолын таба алмай жүрген құрдастарына, достарына үндеу тастайды: «Өз замандастарыма айтарым: уақыт жоғалтпай, жергілікті мансап орталығына хабарласыңыздар. Ондағы мамандар сіздерге міндетті түрде лайықты жұмыс тауып береді. Мемлекет беріп отырған мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Келіңіздер, мемлекет игілігіне бірге жұмыс істеп, тәжірибе жинап, еліміздің дамуына үлес қосайық!».
Көздерінде оты бар, жұмысқа құлшынып тұрған жастар — ауданымыздың басты байлығы. Ал «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы осы байлықтың дұрыс бағытта жарқырауына жол ашып отырған сындарлы саясаттың жемісі екені даусыз.