АЙБЫНДЫ МАЙДАНГЕР, АРДАҚТЫ ҰСТАЗ ЕДІ

0

Мен Қордайда тұратын ата-енемнің қолына келін болып түскеніммен, жұбайым екеуіміз Алматы қаласында тұрдық. Бірақ, алғашқы үйленген күннен бастап-ақ, ата-анамызға жиі келіп тұратынбыз. Бұл күнде дүниеден озған күйеуімнің ардақты ата-анасы ол кезде зейнет жасында еді. Атамның әкесі Керден атамыз да көзі тірі еді, бірақ кенже баласы Жомарт аға мен кіші келіні Сара жеңгеміздің қолында тұрады екен. Осы үлкен атамыз біз үйленген алғашқы жылдары тұңғыш немересі Бейбіттің үйленгенін қызық көре ме, жиі келіп қолымнан шай ішетін-ді.

Еңкіштеу тартқан, шапаны желбіреген, ақ сақалды қария қаладан келген біздің жүріс-тұрысымызға, үндемей бағып қарайтындай. Естуімше, «тоқсаннан асқан жасы бар, көпті көрген басы бар» дегендей бұл атамыз Қордай ауданына танымал озат жылқышы, әрі сайыпқыран сәйгүлік баптаушы болған. Қыранның көзіндей өткір, шүңіректеу көзі, шымыр бітімі, тарамыс қолдары соны аңғартады. Бір үйдің ерке қызы болған менің орашолақтау қимылыма екі атам да, енем де кешіріммен қарайтындай. Алайда, өз атамның көңілінен бірден шыға қоймадым. Ала қағазға құмар едім, кітап оқып отырып қаламын, я болмаса таңертең ұзақ ұйықтаңқырап  қаламын. Атам бәрімізден бұрын таң атпастан тұрады. Қимылы ширақ, бірақ  сақал-шашы ағарған. Мен келінмін, атамнан кейін тұрғаныма қысыламын. Бірақ, атам қаладан келіп, ауылдың таза ауасына балқып, ұйықтап қалған бізге (дәлірек айтқанда, маған) еш ренжіместен, үй жанындағы өзі қаншама жыл баптап өсіріп келе жатқан бақшасынан көкөніс, жеміс-жидектерін әкеп  дастарқанға қоятын. Сыртқы есіктен шыға бере төбемізден мәуелеп пісіп тұратын қара көк жүзімдердің де бағбаны өзі еді. Қаладан келетін немерелеріне арнап өсіреді. Тік жүріп, тік тұрады. Үйде болсын, түзде болсын тазалықты сүйеді. Өзгелерден де соны талап ететіндей. Кейін бақсам, текті қария үлкен атамыздан, өз әкесінен дарыған табиғи кірпияз, турашыл мінезіне Ұлы Отан соғысында алты жыл қан кешкен қиын кезеңдерде бойына сіңген әскери тәртіп қосылса керек. Көп сөйлемейді. Ал, жиын-тойда, ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешетін қоғамдық жиналыстарда, ақсақалдар кеңесінде сөйлеп кетсе шешен де, көсем де бола біледі. Көп ісінде көрегендік те таныта білгенін де сездік, замандастары да көз жеткізді.

Уақыт өтіп жатты.. Соғыста шынығып, қатайған атам да, енем де қартайды. Немерелер, тіпті шөберелер сүйіп ұзақ жасады. Біз болсақ, орта жасқа жеттік. Мен де мейірбан, жұмсақ мінезді аяулы енемнің, темірдей қатал әскери тәртіпті бойына сіңірген атамның шыңдауынан өтіп, темірдей төзімге ие, кірпияз ене болдым. Қызметіміз Алматыда болған соң, кіші қайныммен бірге тұратын қартайған ата-анамызды қалаға да алып келіп, аз да болса қарайтынбыз. Жұмысқа кетеміз, өздері шүйіркелесіп үйде қалатын. Кейіннен аяулы анамыз дүниеден озды. Атам жетімсіреп қалғандай болды. Бұрынғы әдетімізше, қалаға әкеліп тұрамыз. Қаланы ұната бермейді. Жұмыстан келгенде, зерікпесін деп, әрнені әңгіме етіп алдарқатпақ боламыз. Атамның соғыс ардагері екенін де, ұзақ жылдар өзі туып-өскен Қордай елінде ұстаздық еткенін де білеміз. Кейде өзі де маған: «Раушан, қарағым сен тіл-әдебиет маманысың ғой», деп әдебиет, тарих жайынан сөз қозғайтын. Қордай елінен шыққан өз әкесі Керден атамызбен жолдас, замандас болған Кенен атамыздың асқан ақындығы, Орыс патша үкіметінің полковник шенін иеленген, әйгілі Ноғайбай би атамыздың шешендігі, көсемдігі жайлы сүйсіне әңгімелейтін. Ақын Рза Қунақова, жазушы Марал Сқақбаев, академик Нығмет Сауранбаевтың еңбектерін мақтанышпен айтатын. Бірде мен атам ауызға алуға ауырсынатын, әсіресе, өзі ешкімге айта бермейтін сұрапыл соғыс жайынан нақтырақ білгім келіп, сыр тартпақшы болдым..

…Сол күні 1941 жылдың жазғы таңы тамылжып атқан еді. Таудың ортасындағы жаздың жасыл көрпесін жамылып, таудың таң алдындағы тынық ауасымен тыныстаған  қаннен қаперсіз оймақтай  Шарбақты ауылы бұйығы ұйқысынан ояна қойған жоқ еді. Таңғы тынық ауаны жарып, сатырлаған ат тұяғының дыбысынан бүкіл ауыл оянғандай болды. Үй шаруасының, балалардың қамымен қанша шаршаса да, өткен түнде көз іле алмай, әлденеге мазасызданған Ырысты ана атты кісінің өз шарбағының алдына келіп тоқтағанын сезіп, үйден атып шықты. Ауыл почтальоны атын тебіне жақындап, қара танымайтын кейуананың қолына бір жапырақ қағазды ұстата берді.. «Пәбеске» екен.. Ана жүрегі қарс айрылды… Осы жазда ғана орта мектепті тамамдаған атам топ бозбалалармен тізе қосып,  атақты «қырық бірдің» 25 маусымы күні көппен бірге майданға аттанып кете барады…

Соғыс түгілі, әскери тәртіпке дағдыланбаған өрімдей жастарды тиеген эшалон Белоруссия аумағына жетеді. Оларды Козельки қаласында үш ай алғашқы әскери дайындықтан өткізеді. Олардың қатарында атам да бар еді.

Жас жауынгер Қайын Керденов Смоленск майданының 13 дивизиясының 72 полкі құрамында алғаш рет фашистермен бетпе-бет ұрысқа қатысады. «Бұл басқыншы жаудың ең бір басым түсіп жатқан уақыты, жер мен көк астаң-кестең. Құлақ түбінен оқ зулап ұшып жатыр. Біздің полк те қарсыласып, жан беріп, жан алысып жатырмыз. Бір кезде зұлмат жаудың бомбалаушы ұшағы төбемізден қайта-қайта айналып жүріп, бомбалай бастады. Бомба бір кезде жақын жерден жарылды. Аспан айналып жерге түскендей болды. Топырақ астына көміліп қалыппын. Есімді жисам, қасымдағы қарулас досым шаһит болыпты. Екі жақ та қатты қырылған. Контузия алған мен майор Березовскийдің госпиталына түстім. Емделіп шыққан соң, қайтадан өзімнің 72 полкіме келіп қосылдым»,-деген еді алыс қалған күндерді қамыға еске алған менің қарт майдангер атам. Осылайша, соғыс өртін алғаш көрген жас қазақ жауынгері Қайын Керденов кеңестік армияның қалың сарбаздарымен қатар кеудесін оққа тосып, мұз жастанып, қар төсене жүріп, жаумен арпалысып, жігерін жанып, соғыс жағдайына шыңдала береді. Белоруссия, Украина, Румыния, Чехословакия, Польшаның қалалары мен деревняларын азат етуде небір қиын-қыстау сапарларды кешеді. Терең өзендерді малтып өтіп, тартпа батпақтардан асып өтіп, түн баласы көз ілмей қараңғы ормандарда  жападан жалғыз күзетте де тұрады. Жаудан тіл әкелуге де қатысады. Дивизия қоршауда қалған күндерде, аштыққа да төзеді. Ақыры, шабуылға шығып, қоршауды бұзып, жауды тықсырады. Сөйтіп, саңлақ жауынгер атам Қайын Керденов айбынды 72 полк құрамында неміс фашистерімен өршелене шайқасып, оларды өз ұясында талқандайды. Ал, көптен күткен Жеңіс күнін Прага қаласында қарсы алады. «Фашистер аяусыз қырған, зорлық-зомбылық көрген шет ел тұрғындары азат етуші бізді көргенде ерекше қуанып қарсы алатын еді»,-деген еді майдангер. Бірақ, соғыста қанаты қатайып, есейген сарбаз атам Қайын Керденов елге тек 1946 жылы оралады. Әкесін көргенмен, аяулы анасын қайтып көре алмайды..

Елге оралысымен әуелде сырттай КазПИ-ге түскен ол, кейін С.М. Киров атындағы  ҚазМУ-ге ауысып, оның күндізгі бөлімін тарих мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ақтас орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Бірте-бірте педагогтік тәжірибесін жетілдіре түсіп, оқу ісі меңгерушісі міндетін атқарады. Ал, 1953-1959 жылдар аралығында аталмыш мектептің директоры қызметін атқарады. 1959 жылы Қордай ауданының орталығына келіп, Абай орта мектебі интернатының меңгерушісі болып тағайындалады. Майдан өтінде шыңдалып, шираған, өзі де табиғатынан ширақ мінезді, турашыл, тәлімгер ұстаз  бейбіт өмірде де әлеумет ісіне бел шеше араласады. Өзі басшылық еткен мектеп-интернаттың жай-жағдайы оны әрқашан толғандырады. Сол жайдан былай дегені де бар: «Мен интернатты қабылдап алғанда 37 оқушы бар екен. Кейін оқушылар саны 150-200-ге дейін жетті. Ер балалар үшін, қыз балалар үшін жатақхана, асхана салдық. Бұрын орталықтан шеттеу Крупская колхозының клубында жатады екен. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге тырыстық. Шәкірттеріміз әр салада қызмет етеді, қазір олардың көбі зейнеткер де болар. Көрген жерде   «ұстаз» деп иіліп тұрады. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген ғой. Енді жас болса келді, жеке өмірімде де бақыттымын. Немере-шөбере сүйдім. Ендігі ұрпақ соғысты көрмесе екен. Бақытты болса екен деп тілеп, батамды беремін!».

Иә, бұл 98 жасқа келіп, 2019 жылы дүниеден озған ардақты ардагер, бір ғана мектептің ғана емес, елеулі еңбегімен, қоғамшыл  ісімен елдің ұстазына айналған менің ардақты атамның осыдан бір-екі жыл бұрын Жеңіс тойында айтқан әңгімесі еді.

Мектеп-интернат меңгерушісі болып 23 жыл еңбек еткен ұстаздың еңбегі еленбей қалған жоқ. Тарихшы ұстаз «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін иеленеді, екі рет ҚазССР Оқу министрінің грамотасымен марапатталады. Әлеумет өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге белсене араласатын майдангер, ұстаз ауылдық кеңеске үш рет депутат болып сайланады. Ал, 2000 жылы жасампаз кеңес әскерінің саңлақ сарбазы, майдангер Қайын Керденовке Қордай ауданының мәдени-әлеуметтік, экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан  өлшеусіз еңбегі ылайықты бағаланып, Жамбыл облысы, Қордай ауданы мәслихатының шешімімен «Қордай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Иә, өмірдің де қиындығы мен қызығы мол. Отбасылық өмірде де аяулы енем, жары ұстаз-ана Нұржамал Жұмабайқызы екеуі жарасымды ғұмыр кешіп,  екі ұл, төрт қыз өсіріп, тәрбиелейді. Атамның ұлдары Бейбіт пен Бейқұт, қыздары Гүлнар, Берік, Гүлшат әпкелеріміз бен  қайын сіңлім Бинара, олардан сүйген немере-шөберелері, жиен-жиеншарлары өмірдің әр саласында қызмет етуде.

Бүгінде ұзақ ғұмыр кешкенімен Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойын шақтау уақыт қалғанда көре алмай кеткен жанкешті  майдангер атам Қайын Керденовтің көзі тірісінде кеудесінде жарқыраған «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен Варшава, Прага, тағы басқа да қалаларды азат етудегі ерен ерлігі үшін берілген ұзын қарасы 16-ға тарта медальдары ұрпақтарының қолында қасиетті тұмардай сақтаулы деуге  болады.

 

Раушан Әбдіқұлова,

келіні, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.                                                        Алматы қаласы

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.