АЙЛАСЫ САН АЛУАН ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДА

0

Қоғамда қаржылық пирамидаға сенгендердің қаржылық сауаты төмен деген түсінік қалыптасқан. Құныққандар жеңіл жолмен көк ақшасын көп еткісі келеді. Соңында сценарий бойынша тақырға отырып тынады деп сөгеміз. Бірақ азы 18, көбі 85 миллион теңгесін алаяққа аударғандардың айтары басқа. Даулап жүргендердің бәрі бірдей алданып қалған ба? Неге Astex.kz, Mudarabah Capital салымшылары бір-бірін айыптап отыр?

Кәсіпкер Ұлан Бақырбаев Astex.kz компаниясымен 2020 жылғы карантин кезінде танысқан. Жұ­мысы тоқтап, табысынан қағылғанда қаржы ұйымына ақша салуды жөн көріпті.
«Ол кезде мемлекеттік тапсырыс тоқтаған жоқ. Тексеріп көрдік, барлығы заңды болды. Мен 10 млн теңгеден бастап, үстінен 20 млн теңге пайда көрдім. Оны қайтадан қаржы ұйымына салдым. 40 млн теңге болғанда тағы аударып жібердім. Сонымен 6 айдан кейін арты алаяқтыққа ұласып кетті. Былтыр 27 сәуір күні полицияға арыз жаздым. Бір айдан кейін біз сенген Алмас Құрманғалиев қамалды. Сот сараптамасы маған 18 млн теңге қарыз деп тапты. Бірақ шындығында одан да көп ақшам күйіп кетті», – дейді ол.
Сенген серіктесі Astex.kz ЖШС құрылтайшысы Алмас Құрманғалиев қамалғалы пайдадан қағылып, пайыздық төлем алуымыз мүлдем тоқтады деп отыр. Жалпы, экономистер екі айдың ішінде салған қаржыны екі еселеу алаяқтық екенін айтып, мұндайда бірден бас тартуға кеңес береді. Ал Astex.kz компаниясы тендерге қатысып, одан тапқан пайданың 20% аралығында салымшылармен бөлісуге уәде еткен. Экономистер мүмкін емес дегенмен, Ұлан мемлекеттік тапсырыс арқылы 60 пайызға дейін пайда көруге болады деп отыр. Оның айтуынша, қаржы пирамидасына қатысты жаңсақ пікір – осы.

«Кез келген кәсіпкерден сұраңыз, тауарын 40 пайыздан төмен сатса, зиянын көреді. Неге? Себебі қосымша құн салығы деген бар. Astex.kz тендерге қатысып, одан тапқан пайданың 10-20%-ы аралығында бізбен бөлісті. 20% көп емес, бір нәрсені сатып, пайда көру үшін 30-40% қоспаса, одан кіріс болмайды. Тіпті, 60 пайызға дейін пайда көре аласыз. Мемлекеттік тапсырысты ұтып алған кәсіпкер өзіне 40 пайызын алады, сізге 60 пайызын береді. Оған қатысатын адамның ақшасы болмайды, біз сияқты кәсіпкерлерден ақша жинап алады, ұтып алғаннан кейін кәсіпкерлерге берген қаржыны еселеп қайтарып береді» деп түсіндірді ол.
Екіншіден, қаржылық пирамидаға алданғандардың бәрі қаржылық сауаты төмен азаматтар емес деп отыр. Mudarabah Capital-да 300 салымшы бар, ал Astex.kz қаржылық ұйымына 169 адам қаржысын құйған.
«Арасында 10-15 адам ғана улап-шулап жүр. Қаржылық сауаты төмен, үйде отырған кісілер несие алып салды, сонымен енді араша сұрап жүр. Бір қаржыңызға пәтер алып, жалға беріңіз. Енді біріне көлік алып қойыңыз. Үшіншісін, тәуекел етсеңіз, опық жемейсіз. Өйткені біз кәсіпкерлер ақшамызды әртүрлі салаға саламыз. Індет тұсында шекара жабылды, тауарларымыз елге кіргізілмей қалды. Ақшамыз күйді. Одан да өттік. Сондықтан біз үшін қалыпты жағдай», – дейді кәсіпкер.
Алмас Құрманғалиевтың інісі Шыңғыс Құрманғалиев ағасы үшін салымшылардың қаржысын бөліп-бөліп қайтарып жатыр. Astex.kz салымшылардың ақшасын қайтара бастаған кезде Mudarabah Capital-ға ақша берген адамдар біз де қаражатымызды Astex.kz-ке салғанбыз деп шығыпты. Осылайша, бір-біріне қатысы жоқ адамдар пайда болып, ақшасын қайтаруды талап ете бастаған. Яғни, зар қақсап жүргеннің бәрі аңқау емес.
Алматылық Ілияс Нұрланұлы да 85 миллион теңгесін қаржылық ұйымға аударып жіберген. Жылдың аяғына дейін тәуір табыс қолына тиіп отырған. Халықты қақпанға түсіру үшін басында ақшаны жақсы төлейді ғой. Алайда жыл соңында дымсыз қалыпты.
«2020 жылдың наурыз айында бұл компанияға таныстарымнан есітіп, ақша салдым. 2021 жылдың басында табыс тоқтады. Сол кезде кәсіпкер­лермен бірге арыз жаздық. Құрмағалиев қамауға алынды. Қазір екі компанияның салымшылары бір-бірімен дауласып жатыр. Бүгінге дейін 50 млн теңгеден астамын қайтарып алдым», – дейді Ілияс Нұрланұлы.
Ендігі мақсат – осыған қатысы бар адамдардың жазалануын, салынған ақшалардың қайтарылуы деп отыр. Былтыр елде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидасының құрбаны болды. Бүгінде 70-ке жуық қылмыстық іс қозғалып, мыңдаған адам ақшасын қайтара алмай, соттың табалдырығын тоздырып жүр. Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеушісі Орын Тұрлыбаев алаяқтарға ең жиі алданатындар 31-ден 60 жасқа дейінгі азаматтар дейді. Олардың 74 пайызында жұмыс орны бар, 62 пайызы жоғарғы білімді кісілер.
Қорытындысында, бұл – байлардың ойыны. Яғни, бірі бастайды, екіншісі ақшасын одан сайын көбейтуді ойлап қостайды. Несие алып, үйін сатып, қосылғандар тұйыққа тіреліп, өзін-өзі өртеуге дейін баруы мүмкін. Ал қалталыларға құйған қаржысы күйіп кетсе де, қатты тимейтінін өздері де айтып отыр. Олар басын бәйгеге тікпейді, қаражатының бір бөлігін ғана аударады. Арамызда 500 мың теңгемен кәсіп бастап, айлық табысын 5 млн теңгеден асырғандар бар. Мемлекетке де пайдалысы – осы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.