Алаяқтар бір жылда отандастарымыздың 16,5 млрд теңгесін жымқырып, қалтасын қаққан. Күн сайын дерлік ескерту жасалып, сақтық шаралары айтылып жатса да, тапқан-таянғанынан айырылып қалатындар қатары азаймай тұр. Ел тұрғындары киберқылмыскерлердің құрығына неліктен жиі ілігеді?
Айналамызда жиған-тергенінен айырылып, сан соғып қалған кем дегенде бір танысымыз бар. Бұл олардың тек қаржылық сауатсыздығы не аңғал-дығынан болып отыр десек, дұрыс болмас. Жаны ашыған кейіп танытып, іші-бауырыңа кіріп, жылы-жылы сөйлейтін әккілердің елді алдау шеберлігі де уақыт өткен сайын артып келеді. Олар психологияны, цифрлық технологияны, әлеуметтік желілерді жақсы меңгерген. Interpol қаржылық алаяқтықты трансұлттық қылмыстың ең жылдам өзгеріп жатқан бағытының бірі деп бағалаған. Орталықтың өткен жылғы деректерінде жаһандық киберқылмыс шығыны шамамен 442 млрд долларға жеткен деп көрсетілген. Яғни бұл – әлемді алаңдатып отырған үлкен күрмеулі мәселе.
Алаяқтар кез келген беделді тұлғаның немесе туыстың атын жамылып қоңырау соғуы мүмкін екенін ескеріп, отбасы мүшелеріне үрейге бой бермей, ресми нөмірге қайта хабарласу әдепсіздік емес, өзін-өзі қорғаудың қарапайым шарты екені түсіндірілуі керек. Эмоционалдық шабуылдардан қорғануды одан әрі күшейту үшін отбасында нақты верификация алгоритмдері мен құпия сөз жүйесі енгізілгені жөн. Алаяқтар балаңыз жол апатына түсті немесе жақыныңыз қамауға алынды деп адамды шок жағдайға түсіргенде, тек отбасы мүшелеріне ғана белгілі құпия сұрақ немесе кілт сөз сол сәттегі барлық жалған жоспардың тас-талқанын шығарады. Мұндай қарапайым отбасылық құрал алаяқтың психологиялық қысымын бұзып, адамның эмоциясын бірден ақылмен байыптау режіміне қайтарады, – дейді сарапшылар.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, былтыр елімізде 5,1 мың алаяқтық несие рәсімделіп, келтірілген шығын 4,6 млрд теңгені құраған. Ал алдыңғы жылы 8,7 мың жағдай тіркеліп, 20,3 млрд теңге шығын келген еді. Көрсеткіштің төмендеуіне онлайн несие рәсімдеген кезде енгізілген міндетті күту уақыты, күшейтілген биометриялық сәйкестендіру, несие алуға ерікті түрде тыйым салу мүмкіндігі әсер еткен. Демек техникалық шектеулер мен заңнамалық тосқауылдар оң нәтиже бергенімен, киберқылмыспен күресте азаматтардың жеке цифрлық гигиенасы, эмоционалды сауаттылығы басты қалқан болып қала береді. Бұл ретте психологтер адамның айналасындағы тәжірибелік ережелердің бәрі тек отбасындағы, қоғамдағы жазалаусыз, айыптаусыз ашық әрі сенімді қарым-қатынас бар жерде ғана нәтиже беретінін айтады.