FAKE NEWS: ЖАҺАНДЫҚ СЫН-ҚАТЕРДІ АУЫЗДЫҚТАУ АМАЛЫ

0

Елімізде жалған ақпаратқа қарсы күрес бағытында мемлекеттік деңгейде кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Негізгі жұмыстар заңнаманы қатаңдатуға, арнайы мониторинг орталықтарын құруға, халықтың медиасауаттылығын арттыруға бағытталған.

Атап айтқанда, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң аясында жалған ақпарат орналастырған әрі таратқан жеке тұлғаларға, блогерлер мен БАҚ өкілдеріне ірі көлемде айыппұл салынады. Кейде әкімшілік жаза арқалап, айыппұлмен ғана шектелмейді. Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқандарға бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылады. Сондай-ақ дипфейктер мен жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған сурет, аудио, видеолармен күресу үшін арнайы таңбалау талаптары енгізілді.

Елімізде ақпараттық кеңістіктің қауіп¬сіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік деңгейде жедел әрекет ету тетіктері де іске қосылды. Мәселен, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің құрылымында 2025 жылы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы өмірге келді. Оның жұмысы коммуникация мен ақпаратты талдау саласындағы мамандардың қызметіне негізделген. Бұдан бөлек, орталық жергілікті мемлекеттік органдармен тығыз іс-қимыл жасайды. Бұл ресми түсініктемелерді жедел алуға, ашықтықты қамтамасыз етуге әрі жалған мәліметтерді тез арада теріске шығаруға мүмкіндік береді.

Орталық өкілдерінің айтуынша, арнайы алгоритм бойынша интернетте күмәнді немесе жалған ақпарат пайда болған кезде құзыретті мемлекеттік органмен бірлесіп талдау жүргізіледі. Оның қорытындысы негізінде ақпаратты ресми түрде теріске шығару немесе растау туралы шешім қабылданады. Басты мақсат – аудиторияға фактілерге негізделген шынайы, сенімді мәліметтерді жеткізу. Оның барлық ресми теріске шығарған мәліметтері, талдау шолулары мен жарияланымдары AntiFakeCenter Тelegram-арнасына шығып отырады.

Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы цифрлық медиа кеңістігін қорғап қана қоймай, қоғамды жаңғырту мен ұлттық бірлікті нығайтудың негізіне айналатын жаңа цифрлық мәдениетті қалыптастыруға өзіндік үлесін қоспақ.

«Орталықтың міндеттері Президент белгілеп берген басымдықтармен тікелей ұштасады. Мемлекет басшысы ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларына сүйене отырып, Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру туралы стратегиялық міндет жүктеді. Біздің мақсатымыз – отандастарымыздың бойында күмән тудырған кез келген ақпаратты қайта тексеру әдетін қалыптастыру. Әлеуметтік желі қолданушылары бірден болмаса да, уақыт өте келе нақты фактілерді қауесет пен бос сөзден ажыратуды үйренеді. Бұл – түрлі айла-шарғылар мен арандатуларға бой алдырмауға септігін тигізеді», дейді ОКҚ мамандары.

Фейк ақпараттың таралуына тек тыйым салу мен жазалау арқылы тосқауыл қою мүмкін емес. Басты назар азаматтардың ақпараттық иммунитетін қалыптастыруға яки медиасауатын арттыруға аударылуы керек. Жаңалығы желмен жарысқан цифрлы дәуірде медиасауатты болу – интернетте ақпаратты қауіпсіз іздеуге, талдауға, тексеруге мүмкіндік беретін XXI ғасырдың аса маңызды дағдысы.

Елімізде көпшілік қауымның медиа¬сауатын арттыру бағытында бірқатар жұмыс жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламаларына медиасауаттылық пен цифрлық гигиена негіздері пәндері енгізіліп жатыр. Бұл өскелең ұрпақ пен жастардың ақпаратты сыни тұрғыдан талдап, фактіні алыпқашпа сөзден ажырата білуіне көмектеседі. Сонымен қатар педагогтердің цифрлық біліктілігін арттыру үшін тұрақты түрде республикалық және халықаралық деңгейдегі жиындар мен тренингтер ұйымдастырылады. Мақсат – мұғалімдерді медиасауаттылық бойынша нұсқаушы ретінде даярлау. Бұдан өзге, Factcheck.kz секілді тәуелсіз медиа-ресурстар мен ақпараттық порталдар белсенді жұмыс істейді. Олар қоғамда тарайтын жалған ақпаратты анықтап, азаматтарға деректерді тексеру құралдарын түсіндіреді.

Әлем елдерінде де жалған ақпаратқа қарсы күрес қатаң заңнамалық реттеу, IT-платформаларды технологиялық бақылау мен халықтың медиасауаттылығын арттыру арқылы жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, АҚШ-та бұл бағыттағы жұмыспен Орталық барлау басқармасына қарасты Шетелдік зиянды ықпалға қарсы іс-қимыл орталығы айналысады. Бұдан бөлек, онлайн-платформа иелеріне кез келген тұлға тарататын контенттің шынайылығын қадағалау міндетін жүктейтін, барлық штаттарға ортақ федералдық заңнамалық талап бар. Бұл ереже 1996 жылы қабылданып, әлі күнге дейін қолданылып келеді.

Кейінгі жылдары Орталық Азия елдері де жалған ақпаратқа қарсы белсенді түрде күрес жүргізе бастады. Қырғызстанда 2021 жылы қабылданған жалған ақпаратқа қарсы күрес туралы заң аясында онлайн-контентті қадағалайтын жаңа орган пайда болды. Ереже бойынша, сайттар мен әлеуметтік желілер ресми орган жалған деп тапқан ақпаратты 24 сағат ішінде өшіруі керек, әйтпесе бұғаттауға ұшырайды.

Цифрлық дәуірдегі жалған ақпаратқа қарсы күрес – тек мемлекеттің немесе жекелеген фактчекерлердің міндеті емес, бұл – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Технология дамыған сайын фейктердің де түрі өзгеріп, адам санасын манипуляциялау әдістері күрделеніп барады. Бүгінгі таңда медиасауаттылық – жай ғана қосымша дағды емес, виртуалды әлемде аман қалудың, қаржылық әрі психологиялық қауіпсіздікті сақтаудың басты құралы.

Жандар АСАН, коммуникация және медиа маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.