Қордай ауылында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Ауыл аумағын көркейту, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыру бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, елді мекеннің көрікті орындарының бірі – Даңқ аллеясы мен Емен саябағы аумақтарында кең көлемді көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл шаралар қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға, ауаның сапасын арттыруға және ауылдың эстетикалық келбетін жаңғыртуға оң ықпал етуде.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қордай ауданында санитарлық тазалық жұмыстары мен сенбіліктер қарқынды түрде ұйымдастырылып келеді. Аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері және еріктілер белсенді қатысып, көшелер мен қоғамдық орындарды тазарту, ирригациялық жүйелерді ретке келтіру, қоқыс қалдықтарын шығару жұмыстарына жұмылдырылуда. Нәтижесінде ауыл ішіндегі тазалық деңгейі айтарлықтай жақсарып, тұрғындардың экологиялық мәдениеті арта түсуде.
Бұдан бөлек, көктемгі санитарлық тазалықтың екі айлығы аясында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аула аумақтарын ретке келтіру, жасыл желектерді күтіп-баптау, қосымша ағаштар отырғызу, гүлзарларды жаңарту жұмыстарына айрықша мән берілуде. Көгалдандыру бағытындағы іс-шаралар ауылдың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға негіз болуда.
Алдағы уақытта да абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шаралар өз жалғасын табатын болады. Қордай ауылын одан әрі көркейту, тазалық мәдениетін нығайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылады.