Бизнес неден басталады, қалай ойлайсыз? Ол кәсіпкердің ойында бизнес-идея туындағанда басталады. Алматы облысында тұратын достарының үйінде жайқалып тұрған алма бағына қызыққан Қордай ауданының тұрғыны Рахим Машухей өз ісін дәл осылай бастаған. Дегенмен, істі бастау үшін бір идея жеткіліксіз. Көшеттерді отырғызып, оны хош иісті, дәмі тіл үйіретін жемісі мол алма бағына айналдыру оңай шаруа емес.
Айта кетерлігі, біздің аудан үшін интенсивті алма бағы деген ұғым таңқаларлық емес, аталмыш бақтар туралы сөз 1979 жылдары қозғалған болатын. Сол кездің өзінде бұл саланы дамыту үшін жаңашылдық идеялар қарастырылған. Бүгінгі таңда аудандағы алма бақтарының аумағы 684 гектарға жетті, оның ішінде 130 гектары – интенсивті алма бақтары. Рахим Сулейманович басқаратын «Азия Сад» ЖШС заманауи бақ шаруашылығының белсенді қатысушысы болып табылады. Қарасай ауылдық округінің аумағында 100 гектар алқапты алып жатқан бақта «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала» және «Фуджи» сынды алманың 4 түрі өсірілуде. Аталмыш серіктестік қысқа мерзімде өз тәжірибесінде интенсивті бақ шаруашылығының тиімділігін дәлелдеді. Бұл жұмыстарды іске асыру үшін «Азия Сад» жеке қаражатынан басқа «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы инвестиция алған. Салынған қаражат сомасы шамамен 2 миллиард теңге. Ал инвестициялардың жалпы сомасы 4 млрд.теңгені құрады.
Интенсивті бақ өсіру үшін отырғызылатын материал маңызды, сондықтан Рахим Машухей көшеттерді Италиядан сатып алмақшы болды.
ЖШС бас директорының айтуынша, алма ағаштар өсіру үшін арнайы технология қажет. Бақты отырғызар алдында жер дайындалып, араларына сым арқан тартылатын бетон тіректерден тұратын шпалер жүйелер орнатылды. Аталмыш жүйе жел соққанда жас көшеттерді сыну мен майысудан қорғап қалады. Аласа екпелердің тамыр жүйесі өте қысқа болады – ұзындығы ең көбі 40 см. Айта кетерлігі, бақтағы алма ағаштардың бойын кесу арқылы 3-3,5 метр деңгейде ұстайды. Оған қоса табиғи жағдайлар мен ауа-райы қолайсыздығынан, атап айтқанда құстар мен бұршақтан қорғау үшін арнайы тор тартылған, ол қыс мезгілінде жиналады.
Ал, интенсивті алма бағының кәдімгі алма бақтан айырмашылығына келер болсақ, классикалық алма бағында 1 гектарға шамамен 600 ағаш отырғызылса, интенсивті бақтың 1 гектарына – 3,5 мың ағаш отырғызылады.
Интенсивті бақ жемісті екінші жылы берсе, классикалық алма бағы алманы 5-7 жылдан кейін бірақ береді.
Іске қосылғанына 4-ақ жыл болса да, «Азия Сад» ЖШС өнімді өткізуді тура жолға қойған, қарасайлық алмалар Ресейге экспортталып, еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізілуде. Серіктестік жемістері Жамбыл облысы бойынша, елорда, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларына жөнелтіледі.
-Шаруашылық өз жұмысын бастағанда біз бірнеше жылдан кейін жұмыспен қамтылатынымызды ойлаған да жоқпыз. Жұмыс күні таңғы 7-ден басталып, сағат 16:00-де аяқталады, жұмыс үшін барлық жағдай жасалған, жалақымыз жақсы, жұмыс беруші жергілікті тұрғындардың жағдайына түсіне қарап, ауылдан баққа дейін жету үшін де жол ақысын төлейді. Жұмыс ауыр емес, бізге ұнайды. Менің жолдасым мүгедек, жұмыс істемейді. Сондықтан, қаражат жетпейді. Ал, бұл жұмыс кәдімгідей қолғабыс болды, — дейді округ тұрғыны Халбүбі Исаева.
Орташа өнімділік гектардан шамамен 20 тоннаны құрайды. Дегенмен, ЖШС басшысының айтуынша, серіктестік әлі пайда көріп жатқан жоқ.
-Алдын ала есеп бойынша біз кестеден сәл кешігудеміз. Шығынның орнын 5 жылдың ішінде өтейміз деп жоспарлаған болатынбыз, алайда бұл мерзім 7 жылға дейін ұзартылды, — дейді Рахим Сулейманович.
Оның айтуынша, бақта күн сайын 2 сағаттық тамшылап суғару қосылады. Суғару автоматтық құрылғымен реттеледі, жұмысшылар суғару процесін бақылап, түтіктердің қоқыс пен топыраққа толып кетпеуін қадағалап тұрады.
Күзде өнімді жинау жұмыстарына күн сайын шамамен 200 адам тартылады, олардың көбісі жергілікті тұрғындар.
-Бақ шаруашылығын дамыту халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Біз алманы жинаудың тәуліктік нормасын белгілемейміз. Күн сайын 5000 теңге төлейміз. Демалыс күндері алманы жинауға жергілікті мектептердің жоғарғы сынып оқушылары тартылады, — дейді бағбан.
Алмалар арнайы салынған ангарда сақталады, ол жерде арнайы тоңазытқыш орнатылған. Ал, тоңазытқышта алмаларды қыста және жазда сақтау үшін барлық жағдай жасалған.
ЖШС басшылығы өнімді жинайтын жұмысшылардың жұмысын барынша жеңілдетуге тырысқан. Басқа шаруашылықтарда жұмысшылар жиналған өнімді жәшіктерге салып, бақтан қолмен тасып шығарса, бұл бақта пластмас тарадан тұратын тіркемесі бар арнайы көлік құралымен тасымалданады. Жәшіктер толғаннан кейін жүргізуші өнімді қоймаға апарады.
Өнім жиналғаннан кейін бақтағы жұмыс тоқтамайды, сондықтан шаруашылықта жыл бойы 30 адам жұмысын жалғастыра береді.
Р.Машухейдің айтуынша, торды жинау үшін біраз уақыт қажет, жеміс ағаштардың артық бұтақтарын кесу де оңай шаруа емес. Осындай жұмыстар көктемге дейін жүргізіледі.
Бақта алма ағаштарын зиянкестерден қорғау мен оларды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге ден қойылған. Бұл үшін Италиядан келетін шетел мамандары жауапты, олар келісім шарт бойынша вегетация кезеңінде және алманың пісу кезінде бақтарға бірнеше рет келіп кетеді. Агрономия саласының қыр-сырын үйренуді ЖШС басшысының өзі де қолға алған. Бақ шаруашылығының заманауи технологияларының ерекшеліктерін меңгеру үшін ол әріптестерімен тәжірибе алмасып, бақ шарушылығы бойынша семинарларға қатысып, арнайы әдебиетті оқуға көп уақыт бөледі.
Таңның атысымен ол бақты аралап, жұмысшылармен қатар, алма жинап, шөбін шауып, суғару мен бұтақтарды кесу жұмыстарына қатысады.
Кәсіпкер қызметкерлер үшін жатақхана салуды жоспарлап, басқарып отырған серіктестігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында округтің әлеуметтік өміріне белсене араласуда.
Тура жолға қойылған жұмысының арқасында ЖШС аз уақыт ішінде пайдаға қол жеткізіп, тұтынушыларды өз өнімімен қуантады деген сенім мол.
АЛМА ИІСІН АҢҚЫТҚАН «АЗИЯ САД»
Prev Post
Next Post