Әдетте той-думанның көркін қыздырып, көпшілікті өнерімен тәнті ететін асабалар бұл жолы спорт алаңында бас қосты.
Қордай ауданында өткен ұлттық ойындарда Жамбыл облысының әр өңірінен келген асабалар күш сынасып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосты.
Жақында, Қордай ауданында Жамбыл облысы асабалар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлттық ойындардан облыстық деңгейдегі іс-шара өтті. Дәстүрлі сипат ала бастаған шара былтыр бастау алып, өңірдегі асабалардың басын қосқан болатын. Өткен жылы Қордай ауданы үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алған еді.
Биылғы сайысқа облыстың 10 ауданынан келген өнерлі асабалар қатысты. Көпшілік оларды сахна төрінде жүргізуші, ұйымдастырушы ретінде таныса, бұл жолы олар ұлттық спорт түрлерінен өз бақтарын сынап, тың қырларынан көрінді.
Шараның ашылу салтанатында Қордай ауданы асабалар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркінбек Құттықов сөз сөйлеп, ұлттық мұраны дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
«Басты мақсатымыз – ұлттық салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымызды ұмытпай, оны кейінгі ұрпаққа насихаттау. Осындай іс-шаралар арқылы жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, ата-бабадан қалған мұраны дәріптеуге үлес қосып келеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді ол.
Өз кезегінде Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев де игі бастаманың маңызын атап өтті.
«Бұл шара ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған маңызды бастама. Асабалық – жай ғана кәсіп емес, ол өнердің, шешендіктің, жауапкершілік пен мәдениеттің көрінісі. Осындай тағылымды іс-шаралар көбейіп, жастарға өнеге бола берсін», – деді округ әкімі.
Жарыс барысында қатысушылар еркін күрес, қол күрес, садақ ату және арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Тартысқа толы сайыстарда асабалар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ұлттық ойындарды насихаттауға бағытталған мұндай шаралар халқымыздың мәдени мұрасын жаңғыртып қана қоймай, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, салт-дәстүрді дәріптеуге үндейді. Бұл – ұлт руханиятын нығайтып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруға бағытталған маңызды қадам.
Ұлжан БОЛАТҚЫЗЫ