АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ЖӘНЕ ФЕСТИВАЛЬ

0

18 мамыр — Халықаралық музей күніне орай музейде «Кенен мұрасы — ел мұрасы» атты ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараға аудан тұрғындары, жастар, зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер қауым көптеп қатысты. Келушілер музей жәдігерлерімен танысып, Кенен шығармашылығы туралы тағылымды мағлұматтар алды. Тарих пен руханият жайлы мазмұнды пікірлер айтылды.

Музейдің 45 жылдық мерейтойы қарсаңында ұжым халықаралық «Мәңгілік тұлғалар» фестиваліне қатысып, үлкен жетістікпен оралды. Бұл фестиваль — тарихи тұлғалардың мұрасын дәріптеп, рухани байланысты нығайтқан маңызды мәдени алаң болды.

Фестиваль аясында еліміздің әр өңірінен келген музейлер бас қосып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттады. Сәкен Сейфуллин музейі, Ілияс Жансүгіров музейі, Ғали Орманов музейі, Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов музей кешені, Әлия Молдағұлова музейі, Абылай хан резиденциясы және қырғыз елінің Тоғтоғұл Сатылғанов музейі секілді мәдени ошақтарының қатысуы фестивальдің халықаралық деңгейін айқындай түсті.

Фестиваль барысында Қордай аудандық К. Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі ұжымы сахналық көрініс арқылы тарихи оқиғаны көрерменге ерекше әсермен жеткізе білді. Атап айтқанда, 1939 жылы Жамбыл Жабаевтың арнайы Қордай өңіріндегі Иірсу шатқалында орналасқан Кенен ауылына келіп, Кенен Әзірбаевтың шаңырағында дүниеге келген ұлы Көркемжанға бата беріп, есімін қою сәті сахна төрінде қайта жаңғырды. Бұл көрініс көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.

Нәтижесінде музей ұжымы «Үздік тұлғалық образ» номинациясының жеңімпазы атанып, «Ата жолы» қоғамдық қорының арнайы сыйақысын иеленді. Бұл — музей қызметкерлерінің шығармашылық ізденісі мен ұлттық мұраға деген жанашырлығының айқын жемісі.

Фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Осындай халықаралық рухани шараны ұйымдастырған Жамбыл Жабаев музейі директоры, ақынның немересі Жамбылова Салтанат Тезекбайқызына, музей ұжымына және Жамбыл ауданының азаматтарына шынайы алғысымызды білдіреміз.

Сонымен қатар фестивальге қатысуымызға қолдау көрсеткен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына да ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Осындай қолдаулар мәдениет саласының дамуына серпін беріп, музей қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесін арттыруға үлкен мүмкіндік туғызады.

«Абай мен Жамбыл шәкірті,

Солардан қалған сарқытпын.

Балуан-Шолақ, Шашубай,

Үлгісін алған бір қартпын.

Көрмесемде Біржан, Әсетті

Олар салған әнді ұқтым.

Құлагерін Ақанның,

Қой бағып жүріп тауда ұқтым.

Жалғаны жоқ шындығым,

Талбойым тұнған тарихпын, деп жырлаған ақынның мұрасы шын мәнінде тұнған тарихқа айналып, 45 жылдық асуына да келіп жетті.

Айгерім ЖҰМАТАЕВА, К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің көрме ұйымдастырушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.