Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков ауданның бірқатар құрылыс нысандарын аралап, әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Аудан тұрғындарының қажеттерін ескере отырып, құрылыс жұмыстарының барысын қадағалады.
Алғашқы сапары Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде болды. Мұнда спорттық сауықтыру кешенінің құрылыс жұмысын көрді. Бұл жоба жергілікті тұрғындардың спорттық кешен салу жөніндегі сұранысынан туындаған. Аудан әкімінің есептік кездесуі барысында тұрғындар өзекті мәселелерін көтеріп, мұндай әлеуметтік нысанның қажеттігін атап өткен болатын.
Жобаның жүзеге асуы халықтың сұранысына жауап беріп, ауыл жастарының дене шынықтырумен шұғылдануына үлкен септігін тигізетіндігі айқын. «Қаратау құрылыс – 2030» мердігер мекемесі аталған спорттық инфрақұрылымды салып, ауыл тұрғындары үшін ыңғайлы және заманауи талаптарға сай кешенді жасауға бар күшін салып жатыр. Құрылыс жұмыстарының басталуы ауыл тұрғындарының жастары мен спорттық мәдениетін жандандыруға, бұқаралық спорттың дамуына әсер ететіні сөзсіз.
Бегзат Болатбековтың келесі аялдамасы Беріктас ауылындағы №28 Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп болды. Аудан басшысы мұндағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті. Мектеп ғимаратының алдына қойылған талап – халық пайдалануына арналған нысандардың сапасының мін болмауы. Аудан әкімі ғимараттың беріктігі мен сапасына баса назар аударуды, әрлеу, сылақ жұмыстарын мерзімінде аяқтауды қатаң тапсырды.
«Жылы күздің басында жұмыстарды үлгерту маңызды. Халықтың игілігі үшін сапалы жұмыстар жүргізілуі қажет», — деді әкім.
Ауданның инфрақұрылымын жаңарту, әлеуметтік нысандарды жетілдіру арқылы Қордай ауданы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын жақсартуға нақты қадамдар жасалуда. Бастамалар мен жобалар халықтың мүддесігі үшін бағытталғандықтан, аудан әкімінің іс-сапары тұрғындармен тығыз байланысты және ол жергілікті мәселелердің шешілуіне зор ықпал ететіні анық.
Қордай ауданында атқарылып жатқан құрылыс және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысы халықтың табиғи сұранысына жауап беріп, ауыл тұрғындарының дене шынықтыру мен білім алуға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға өз септігін тигізуде.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ