Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ерлан Қосмұратовтың Қордай ауданы активімен өткізген кездесуі өңірдегі сот жүйесінің дамуына және жаңартылуына зор әсерін тигізбек.
Жиынға, аудан басшысы Бегзат Болатбеков, оның орынбасарлары, аудан прокуроры, полиция бөлімінің басшысы, аудандық мәслихаттың төрағасы мен депутаттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Азиз Әлиев пен оның орынбасары Дулат Үкібай, құрылымдық бөлім басшысы Руслан Абдикулов, жергілікті мекемелердің басшылары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде маңызды мәселелер талқыланып, жергілікті сот жүйесінің жұмысы мен халықпен байланысының жақсартылуы туралы пікірлер алмасылды. Ерлан Қосмұратов өңірдегі сот жүйесінің кәсіби бәсекеге қабілеттілігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау, сот жүйесін жаңғырту және цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Сонымен қатар, жиынның бір бөлігі Қордай аудандық сотының жаңа әкімшілік ғимаратының құрылыс барысымен танысуға арналды. Аудан басшысы мен облыстан келген делегация «Батыс» ықшам ауданында орналасқан ғимараттың құрылыс алаңында болды. Тапсырыс беруші – аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, ал мердігерлік мекеме «Qaz Line Construction» ЖШС-і.
Мердігерлік ұйымның бас инженері Самен Садыр құрылыс жұмыстары мамыр айында басталғанын хабарлап, мерзімінде аяқтау үшін 11 жұмысшы мен 6 бірлік ауыр техниканың жұмылдырылғанын атап өтті. Жаңа төрт қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай етіп жабдықталып, келер жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Бұл құрылыс жобасы Қордай ауданының сот жүйесінің дамуына жаңа серпін беріп, аудан тұрғындарының құқық қорғау органдарымен байланысын нығайтуға, ақпараты оңай әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Заманауи ғимаратта сот процестерінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті жағдайлар қарастырылатын болады.
Жергілікті әкімдік пен сот жүйесінің бірлескен жұмысы Қордай ауданындағы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға бағытталған.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ