Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының Қордай ауданына жұмыс сапары аясында ауданның бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және ауыл шаруашылығы нысандарымен танысты.
Алдымен Қайнар ауылындағы 3800 гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз ету көлемін ұлғайтуға бағытталған қысымды су құбыры жобасының жүзеге асырылу барысын көрді. Жалпы құны 2,8 млрд теңгеден асатын бұл жоба ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, суармалы жерлердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасайды.
Сарыбұлақ ауылында «Благовещенский» суару каналын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.
Қақпатас ауылында салынып жатқан ветеринариялық пункт құрылысын аралады. Нысанның іске қосылуы ветеринариялық қызметтің сапасын арттырып, ауыл шаруашылығы жануарларына көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, малдарды вакцинациялау, диагностикалау және профилактикалық өңдеу жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге арналған арнайы алаңдар қарастырылған.
Осындай маңызды жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ауылдық аумақтардың дамуына және өңір экономикасының нығаюына тікелей әсер етеді. Мәслихат депутаттары тарапынан бұл жұмыстар тұрақты бақылауда болады.