АУДАН ӘКІМІМЕН ЖҮЗДЕСУ

0

Мемлекет басшысы жыл
сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру маңыздылығын ерекше атап көрсетуде. Мемлекеттік билік пен халық арасындағы байланысты жүзеге асырушы жергілікті атқарушы органдардың бірі – аудандық әкімдік. Ал, аудан әкімінің тұрғындарды қабылдауы халыққа көрсетілетін қызметтің бір түрі, халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатының орындалуы деп түсінуге болады.
Осыған орай өткен дүйсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Аудан басшысымен жүздесіп, жеке сұрақтарын қоюға жазылғандар саны осы күні әдеттегіден көбірек болды. Барлық қабылдауға келген азаматтарды мұқият тыңдап, қойған сұрақтары мен көтерген мәселелеріне зер салған Бегзат Сейсенқұлұлы барлығына тұшымды жауаптар берді.
Тұрғындар тарапынан аудан басшысына айтылған өтініштердің негізі тұрғын-үй мәселесіне қатысты болды. Пәтерде тұратын жандар жеке үй салу үшін қандай да бір көмек көрсетілсе деген тілектерін жеткізсе, тағы бір қабылдауға келгендер мемлекет тарапынан үймен қамтамасыз етуге ықпал етуін сұрады. Ал, үшіншілері жайылым жайын қозғап, осы мәселені назарға алуды өтінді. Сондай-ақ, жұмыспен қамту, газға қосылу, жеке кәсіпкерлікпен айналысу барысында туындаған проблемалар жайы да қабылдау барысында айтылды. Аудан әкімі барлық сұрақтармен мұқият танысып, заң аясында түсініктемелер беріп, бірқатарын өзінің назарына алды. Ал, кейбір сұрақтарды қарастыру үшін жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді.
«Ешкімнің сұрағы ескерусіз қалмайды. Десе де, барлық талаптарыңыз тек заң аясында шешіледі. Ауданымызда сіздер секілді жүздеген жерлестеріңіз тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан да сәл сабыр сақтап, өз кезектеріңізді күтулеріңіз сұралады»,- деді аудан басшысы.
Ал, тұрақты жұмыспен қамтуды сұрап келген тұрғындардың тілегі тиісті мамандарға жолданды. Оларға жақын арада жауабы берілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.