Ауыл тұрғындары жолды жөндеуде

0

Рамазан айы – сауаптар еселеніп жазылатын қасиетті ай. Мұсылман қауымның асыға күтетін 30 күнінде ізгі амалдарды көбірек орындап, қайырымдылық істермен айналыссаңыз дәрежеңіз одан әрі көтеріле түсетіні анық.

Қасиетті айда сауапты істі қолға алғандардың бірі – Өтеген батыр ауылының тұрғындары. «Өтеген батыр қазынасы» қайырымдылық қоры мүшелерінің бастамасымен тұрғындар ауылдағы Жамбыл көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ауылдың қарапайым азаматтары, кәсіпкерлер, көше тұрғындары қаражат жинап, өздері қажетті техника жалдап, 1,5 шақырымдық жолды тегістеп жатыр.

«Жуырда аудан әкімімен өткен кездесуде ауылымыздың Жамбыл көшесіне асфальт төселе ме деген сауал жолдағанбыз. Өкінішке орай, бұған бюджеттен қаражат бөлінбеген екен. Сол себепті карьерден тас беруін сұрап, 1,5 мың тонна тас (ПГС) тегін берілетін болып шешілді. Енді оны ауылға жеткізу үшін техника тауып, келісіп жатырмыз. Ал қазір  грейдермен тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл игі бастамаға ауылымыздың азаматтары жұмыла атсалысуда. Десекте, жиналған қаржыдан бөлек, тағы бірқатар шығындар бар. Сондықтан, қол ұшын беремін деген жандар болса нұр үстіне нұр болар еді. Қасиетті Рамазан айында қайырымдылық ретінде көпшілікке арналған, көпшілік қауымның тұтынып, пайдалануы үшін жасалған қайырлы іске өз үлесін қосқан әрбір жанға сол істің сауабы үздіксіз жетіп тұрады»,-дейді «Өтеген батыр қазынасы» қоғамдық қайырымдылық қорының басшысы Алмаз Иманбаев.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, көптен бері тұрғындардың көкейінде жүрген мәселе ауыл халқының бірлігінің арқасында шешімін тапты. Ауылдың үлкен ақсақалдары да өтегендіктердің ауызбіршілігін тілеп, игі іске ақ баталарын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.