Ауыл тазалығына атүсті қарамаған жөн

0

Еліміз бойынша абаттандыру жұмыстары қарқын алуда. Жылы мезгілді пайдаланып, көшелер мен елді мекендерді бюджеттік мекеме қызметкерлері мен қоғамдық жұмысшылар тазалап, ретке келтіріп жатыр. Соның арқасында көп елді мекендер мен көшелердің беті ашылып, жадырап қалды. Бірақ көп жағдайда тек орталық көшелерде ғана…

Жуырда фотоаппаратпен қаруланып алған біз, ауылдарды бір аралап шықтық. Ең алдымен жақын жатқан Әлжан ана ауылына бас бұрдық. Соңғы жылдары инфрақұрылымына қыруар қаражат салынған ауыл көз тартарлықтай. Көшелердің барлығына асфальт, газ бен су жүргізілген. Алайда оның барлығы бет жағы екен. Көшелерді аралап жүріп, Жамиля Шурина мен Алматы көшелерінің бойында қаптап көшеге тастай салынған қоқысқа кездестік. Ал бір шеті Нұрақ Тілеубай көшесіне, бір шеті жоңышқа алқабына тірелген өндірістік базаларының артында бұрын қоқыс т асталған орын анықталды. Сол баяғы әйнек, пластикалық шөлмек және т.б. «өркениеттің жетістіктері» жатыр.
Степное ауылында да «олжалы» болдық. Ауылдағы мектепке бұрыла салысымен қоқыс орнына ұрындық. Мектептің қасында құрылыс материалдары мен тұрмыстық қалдықтардан құралған қоқыс орны емін-еркін жайғасқан. Мектептегі сенбілік кезінде сол жерді бір тазалап шығуға қолдары жетпеген бе, әлде мектептің қоқысын сол жерге тастаған ба белгісіз. Сол сияқты қоқыс орындары Степное ауылының Кириллова мен Тамаша көшелерінің бойында да анықталды.
Осы күнгі сапарымызды аяқтаған соңғы ауыл Жамбыл ауылы болды. Болашақ көшесінің бойында қоқыс үйіндісін байқадық. Облысымыздың үздік ауыл әкімі басқарған ауыл тұрғындары тазалықты қатты сақтай ма, әлде қоқыс орындарын жақсы «жасырып» қойған ба белгісіз. Айта кетерлігі бұл толыққанды зерделеу емес, жол-жөнекей кетіп бара жатып, кездестірген фактілер. Мұндай жұмыстар біздің тарапымыздан алда жалғасын табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.