КОНСТИТУЦИЯ ––
ЗАҢ ҮСТЕМДІГІНІҢ КЕПІЛІ
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Бұл маңызды оқиға еліміздің құқықтық жүйесінде тың дәуірдің басталуын білдіреді және мемлекеттік құрылымның, азаматтар құқықтары мен бостандықтарының жаңаша көзқараспен реттелуін қамтамасыз етеді. Осы тарихи кезеңге орай, Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігіне қарасты 21450 әскери бөлімінің мәдени орталығында арнайы жиын ұйымдастырылды.
Жиынға офицерлер, келісім шарт бойынша әскери қызметшілер және жас сарбаздар қатысып, жаңа Ата заңның маңыздылығы мен оның еліміздің болашағына тигізетін әсері туралы кеңінен мәлімет алды. Іс-шараға Қордай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат Қабылтай, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков, аудандық ақсақалдар алқасының өкілі Мықтыбек Алтыбай, сондай-ақ «Отечество» слаян этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко қатысты. Олардың әрқайсысы жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерін ашып айтып, қоғам мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға күш жұмсады.