БӘЙШЕШЕКТІ КӨКТЕМІҢІЗ КӨП БОЛСЫН!

0

Тоқтаусыз өтіп жатқан уақыттың өлшемі әр адамның өз өміріндегі өткен кезеңдері, қол жеткен жетістігі мен өз бала-шағаларының азамат болып елге қосылуы болса керек. Бүгіндері сексеннің үшеуіне келіп отырған кейуана Әуесхан әже де көпті көрген, бар жастық шағын еңбекке, отбасына арнаған аяулы аналардың бірі және бірегейі десе боларлық.

Балалық шағы соғыстың кесапатынан зардап шеккен сандаған адамдардың қайғы-қасіретіне малынып, күндіз-түні қара жұмыстан бел жазбаған адамдарды көріп өсті. Әкесінен сол сұм соғыстың кесірінен айырылды. Ол заманның балалары қазіргідей шолжаң болмады. Өзі де ерте есейді. Қаракемер ауылындағы жеті жылдық мектепті аяқтаған соң еңбекке араласты. Бой жете келе қарасайлық Әлімбай есімді азаматпен танысып, отбасын құрды. Бұл кеңестік кезеңнің бесжылдық, жетіжылдық жоспарларды бекітіп, мемлекеттің тез дамуына халықты жаппай жұмылдырудағы өте жауапты уақыт еді. Әуесхан әпке жаңа түскен келінмін деп отырмады. Ол, сол кездегі «Колос» совхозына мүше болып кіріп, темекі өсіріп, еңбек етті.
Табиғатынан қағілез, еңбекқор, жайдары да ашық мінезімен айналасындағылармен сіңісіп кетті. Жақсыға қашанда бір адамдық орын бар демекші, ол кісі уақыт өте келе еңбек ұжымында белді адамдардың біріне айналды. Кезінде «Колос» совхозы атанған әр салалық шаруашылық бертін келе жеміс-жидек өсіруге бейімделіп «Алмалы» совхозына айналдырылды. Оған бұл шаруашылықтың орналасқан арғы оңтүстік жағы Тянь-шань мен бергі Әулие шоқы тау қойнауының ерекше табиғаты, қысы-жазы қазақ-қырғызды бөліп жатқан Шу өзенінің ылғалды ауасы ықпал етіп, білікті мамандардың ұсынысы қабыл болса керек. Әрине, бұл шешім өзінің өміршеңдігін уақыт оза көрсетті. «Алмалы» совхозында сол кезеңнің өзінде Михайловка, Еңбек ауылдарының жүздеген адамдары майталмандықпен еңбек етіп, атақтары алысқа жетті. «Алмалы» совхозының шәрбәт дәмді алмалары республикамыздың талай жеріне танымал болып, алды сонау Мәскеудегі Кремль қызметкерлеріне вагон-вагон болып жіберіліп жатқаны Әуесхан әжейдің қазіргі күнге дейін көз алдында. Міне, сондай абыройлы еңбектің бел ортасында аянбай жүрген Әуесхан Құлшықованың еңбегі зор болды. Алғашында қатардағы жұмысшы болғанымен өзінің еңбектестері ортасындағы абыройы мен беделі арқасында звено жетекшісі, одан соң есепші, содан кейін бригадир көмекшісі болып сайланды. Ауылшаруашылығының толассыз еңбегі жыл он екі ай бойы бір тынған ба?! Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін ағаштарды бұтау, жүзім, құлпынай, жас алма ағаш көшеттерін отырғызу, ағаштарды будандастыру, дәрілеу, ағаш араларындағы шөптерді шауып, фермаларға жіберу, жеміс-жидек мамандарымен келісе отырып құлпынай, жүзім алқаптары мен алма ағаштарды өз кезінде суғару, алмалар мен жидектерді жазда және күзге қарай пісуіне сәйкес дер кезінде жинау, оларды қоймаға дұрыстап орналастыру, қыс бойы алмаларды сұрыптап, келіп түскен тапсырыстар бойынша жөнелтіп отыру сияқты сан қырлы жұмыстар уақыт күттірмейтін. Осындай қым-қиғаш тірліктерді уақ-уағында атқарып жүрген Құлшықованың звеносы ұдайы алдыңғы орындарда жүріп, қаншама рет совхоз басшылығының құрметіне бөленіп, мақтау грамоталары мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, звено жетекшісі ретінде Әуесхан Құлшықова біліктілігінің, қажырлығының, белсенділігінің, еңбекқорлығының арқасында және үлгілі ана ретінде 1972 жылы Жамбыл облысы Советінің депутаты болып сайланса, 1978 жылдан 1987 жылдың маусым айына дейін, яғни он жыл бойы Жамбыл облысы халық депутаттарының Қордай аудандық Советінің төрт мәрте депутаты болып сайланған. Атқарылған адал еңбектің өтеуі жоғарыда айтылғандардан өзге Қазақ ССР-і жеміс-жидек шаруашылығы министрлігі мен Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігі кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамотасы», Жамбыл облыстық атқару комитеті мен Қордай ауданы атқару комитетінің Алғыс хаттары және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Суреттері Қордай ауданы мен «Алмалы» совхозының еңбек озаттарының Құрмет тақталарында ілініп, 1984 жылы Қордай ауданының «Құрмет кітабына» да енгізілген.
Әуесхан апай жоғарыда айтылғандай, Жамбыл облыстық Советінің бір мәрте, Қордай аудандық советінің төрт реттік депутаттығын атқаруда да қыруар істер атқарды десе боларлық.
Ел болған соң қай ауылда болмасын үлкенді-кішілі келеңсіз жағдайлар болып тұратыны белгілі. Ондай жағдайлар болса Әуесхан көбіне жергілікті селолық совет қызметкерлерімен бірлесіп, ол істің оң шешімін табуына барын салған жан. Сонау алпысыншы жылдың алдында бас қосып, өмірге бірге аттанған жан жолдасы Құлшықов Әлімбай да жаны жайсаң, ақ көңілді аяулы адам еді. Бүкіл еңбек жолын туған ауылы, бүгінгі Қарасайда құрылысшы болып еңбек етті. Екеуі 58 жыл бірге ғұмыр кешіп, өмірге алты ұл мен қыз әкеліп, адами тәрбие беріп, елге қосты. Әрине, мәңгілік өмір жоқ. Жолдасы Әлімбай біраз жыл бұрын өмірден озды. Бірақ, Әлекеңнің шаңырағының шамы бүгінде бұрынғыдай маздап жануда. Өйткені, ол үйдің төрінде еліне елеулі, халқына қалаулы болған Әуесхан әже немере-шөберелерінің қызықтарына малынып, бақытты ғұмыр кешуде. Иә, осындай қадірлі де қастерлі аналар көп бола бергей.
…Әуесхан әже қарашаңырақ терезесінен қарсы жатқан Әулиешоқы тауының белдеріне көз салды. Биылғы жылы қар мол болды. Дегенмен көктем белгісі келіп қалыпты. Таудағы қар көбесі сөгіліп жатыр екен. Яғни бәйшешектер шыға бастады. Бұл әженің 84-ші көктемі. Бәйшешегі мол көктемдеріңіз көп бола берсін, Әуесхан әже!

Әбдібек СЕЙІЛХАНҰЛЫ, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.