МӘРТЕБЕЛІ МҰҒАЛІМ

0

Көшбасшы мен басшы мағынасы бір емес. Басшы бұл жұмыс беруші және сол жұмыстарға жауап беруші болса, көшбасшы – адамдарды ортақ мақсатқа жетелейтін, жан-жақты және көшті бастай алатындай қайратты адамды айтады. «Ұстаз» деген ұлы атқа лайық болу әрбір шәкірт тәрбиелеп отырған кез келген көшбасшы мұғалімге тән қасиет деп білеміз. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде мектебіміздің көшбасшы ұстазы Бақытгүл Берікбайқызының ұрпақ тәрбиелеуде қосқан үлесін атап көрсетуге болады.

37 жыл ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған жан әрдайым ұжымға жол нұсқап, әріптестерін артынан ерте білген, шынайы көшбасшылығымен танылған ұлағатты ұстаз. Жұмысына деген зор ықыласының арқасында мектебіміздің аудан, облыс көлемінде абыройлы білім мекемелерінің қатарына енуіне үлкен үлес қосты десек артық айтқандық емес.

Еңбек жолын 1986 жылы Александр Пушкин атындағы орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. 2006 жылдан бастап директордың ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып, Республикалық, облыстық, аудандық грамоталармен марапатталып, мектебіміздің рейтингісінің көтерілуіне өз үлесін қосып келе жатқан керемет көшбасшы.

Сонымен қатар мектепке келген жас мамандарды еңбекке баулып, қиындығы мен қызығы мол ұстаздық жолдың қыр-сырын үйретіп, сол мамандарды биік белестерге шығарып, білгенімен үнемі бөлісе білетін тағылымы мол, тамаша ұстаз.

Ұлағатты ұстаздан дәріс алған шәкірттері бұл күндері еліміздің түпкір түпкірінде түрлі мамандық иелері атанып, басшылық қызмет, бизнес саласында жемісті еңбек етуде. Бұл ұстаздың тер төккен еңбегінің жемісі. Өскелең ұрпаққа білім беру, ұстаздық жұмыстармен қатар мектептің, ауылдың, ауданның қоғамдық өміріне тұрақты атсалысып келеді. Өмір бойы өз ісіне адал берілген азамат жастардың тәрбиесіне әсер ететін тағылымы мол әңгімелерін үнемі айтып жүреді.

Ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылықпен балаға қызмет жасау үлгісін көрсетуші, жаңашылдықтың бастаушысы бола білген Бақытгүл Берікбайқызы Жан Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» демекші, бүкіл саналы ғұмырында мыңдаған шәкірттерінің білім алып, өмірде өз орнын табуына септігін тигізген ардақты тұлға.

Ұстаздың бақыттысы, сымбаттысы.

Ұжымның ардақтысы, қымбаттысы.

Еңбегін баршамызға үлгі еткен,

Мың алғыс сізге, Бақытгүл Берікбайқызы.

№7 Александр Пушкин атындағы орта мектебінің ұжымы

Leave A Reply

Your email address will not be published.