Э.ЗАМАНОВҚА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ БҰРЫШ АШЫЛДЫ

0

Сәрсенбі күні Әлжан ана ауылдық тарихи музейінде Қордай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласының үздігі Эйвас Замановқа арналған еске алу бұрышының ашылу салтанаты өтті.

Оған Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, ауданның Құрметті азаматтары, медицина саласының қызметкерлері, сондай-ақ, Э.Замановтың замандастары, ет-жақындары қатысты.

Шараны аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ашып, жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтады.

«1 наурыз – алғыс айту күні қарсаңында осындай игі шараның өтіп жатқанына қуаныштымыз. Ауданымыздың белсенді азаматтарының ұйытқы болуымен қолға алынған бұл бастама өте орынды деп есептеймін. Өйткені Эйвас Фейзулаевич саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласында адал қызмет етуге арнаған, артында өшпес із қалдырған арда азамат. Аталмыш шараны ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі десек қателеспейміз. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ ауданымызда ерен еңбегімен есте қалған аға буын есімдерін білуі тиіс, ол кісілердің өнегелі өмірінен бағыт-бағдар алуы қажет»,-деді Дамира Маратқызы.

Келесі кезекте аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, ауданның және Жамбыл облысының Құрметті азаматтары Төле Сүгірбай, Анатолий Шупта, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбет, АОА бас дәрігерінің м.а. Айдын Байбеков, әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрағасы Аджихан Абдуллаев білікті басшы, майталман маман болған Эйвас Замановтың ауданның медицина саласын дамытудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталып, жарқын істері туралы баяндады.

«Әріптесіміз, замандасымыз, 40 жыл ғұмырын ауданның денсаулық сақтау саласына арнаған, аудандық, облыстық мәслихаттың депутаты болған, өмірінің соңына дейін адамгершілік қағидаларын әрдайым берік ұстанып өткен Эйвас Фейзулаевичті есімі еш уақытта ұмытылмайды. Ол қайтсем саланы өрге сүйресем, қазақ еліне қызмет етсем, деп өткен кісі. Өзге ұлт өкілі болса да, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, қазақ халқына, қазақ тіліне деген құрметі ерекше еді»,-деді Біржан Әбдікерімұлы естеліктерімен бөлісіп.

Сонымен қатар шара барысында Эйвас Фейзулаевичтің өмір жолынан бейнеролик көрсетілді. Көпшілік алдында сөз алған Э.Замановтың жұбайы Сара Ахметовна мен бауыры Таир Заманов осындай игі бастаманы қолға алып отырған азаматтарға алғыстарын жеткізді. Э.Замановқа арналған бұрышты ауданымыздың құрметті азаматтары салтанатты түрде ашып, ақ тілектерін жаудырды. Замановтар әулеті Әлжан ана музейіне естелік ретінде мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың портретін сыйға тартты. Білікті дәрігерді ұлықтауға арналған жиынның соңында марқұмның рухына арнап Құран бағышталып, дастархан жайылды.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.