БАҚША БАПТАП, БЕРЕКЕ ТАПҚАН

0

Аудан орталығынан шалғай орналасқан бұрынғы Алмалы, қазіргі Қарасай ауылы – нәсібін жерден терген диқаншылар мен бақ өсіруден алдына жан салмайтын бағбаншылардың отаны десек қателеспейміз. Дәмі бал татитын алмасымен танылған елді мекеннің қазіргі тыныс-тіршілігі де жаман емес. Бір кездері кеңес өкіметінің кертартпа саясатының кесірінен тамырына балта шабылып, тоқырау жылдары келмеске кеткен алма бақтары бүгінде қайта жанданып, үлкенді-кішілі шаруашылықтар ата кәсіпті қолға алып келеді.

2009 жылы бақ өсіремін деушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, аталмыш округтен 60 шаруа қожалығы субсидия алған болатын. Олардың қатарында «Дәулет» шаруа қожалығы да бар. 3 гектар алқапты жасыл желекке орап, көрген адамның көзі сүйсінетіндей баптап отырған – шаруа қожалықтың басшысы Батырхан Билибаев. Ол осыдан 13 жыл бұрын бақшасына 1200 түп алма ағашын отырғызып, оны осы уақытқа дейін күтіп, өсіріп келеді. Шаруашылық биыл осымен екінші жыл өнім алайын деп отыр. Өткен жылы 30 тонна алма өткізген екен. Батырхан ағаның айтуынша, биылғы өнім де жаман емес. Жуырда алманы жинау жұмыстары басталады. Оған Батырхан аға жары Жәмилә ханым екеуі білек сыбана кірісеміз деп отыр. Оларға ауыл тұрғындары да көмекке келмек. Мұнда халық арасында үлкен сұранысқа ие «золотой превосход» сортты алманың түрлері өседі. «Сапалы өнім тынымсыз еңбектің жемісі. Біз көшеттерді Меркіден алып келдік. Кейіннен оларды будандастыру арқылы жеміс ағаштарының санын көбейттік. Жалпы будандастырудың тиімділігі көп. Өйткені бір алманың дәмі тіл үйіруі мүмкін, бірақ майда болады. Енді бірі көздің жауын алғанымен, алыс жолға, қысқа сақтауға шыдамайды. Сондықтан будандастырып сапалы сортты аласыз әрі қаражатты үнемдейсіз»,-дейді шаруашылық басшысы.
«Ең бақытты адам – бос уақыты жоқ адам» деген сөз бар. Бұл сөз Батырхан ағамызға арналып айтылғандай. Ауыл жұрты да оның еңбекқорлығына тәнті. Алма бағының күтіміне ешкімді жалдамайды, ешқандай техниканы қолданбайды. Шаруашылықтың иесі де, бағбаны да – өзі. «Күзде алманы теріп болғаннан кейін, келешек өнімнің қамы үшін қарбалас басталады. Ауырған, қураған бұтақтарды бұтаймын. Ағаштарға құрт түспес үшін, ауырмау үшін арнайы ерітінділермен бүркеу қажет. Өнім жақсы шығуы үшін дұрыс суғару да маңызды. Бақтың ішіне ағаштарды бойлай сегіз қатар кішкене арықтар қазып шықтым. Соған таудан келетін арықтың суын жіберіп, айына екі рет тоғыз сағаттан суғарып тұрамын»,-деп бақша күтімінің сырымен бөлісті.
Батырхан аға бағына тек жеміс ағаштарын ғана емес, тал, теректердің де көшеттерін отырғызыпты. Бүгінде бұл теректер жапырағы жайқалған алып ағаштарға айналып, алма бағының көркін келтіріп тұр. Ол бақтағы шөпті де өзі шауып, жыл сайын мал азығын жинап қоюды дағдыға айналдырған. Жақында жалғыз өзі алманы сақтауға арналған жерқойма қазып бітіріпті. Бір күн тыным таппайтын кейіпкеріміз «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген нақылды ұстанады. Төккен тердің арқасында жайнаған бақ ұл-қызының несібесі екені сөзсіз. Отасқандарына 30 жыл болған жұбайы Жәмилә Терекбайқызы екеуі Алланың берген 4 қыз, 1 ұлын тәрбиелеп отыр. «Өзім қол қусырып, бос отырғанды ұнатпаймын. Бүгінде еңбек еткен адам ғана береке табады. Осыны балаларыма да түсіндіріп келемін. Бау-бақшалық кәсіпке әсіресе ұлымыздың икемі бар. Жанымда қолқабыс жасап жүріп, осы саланың қыр-сырын әжептеуір үйреніп алды. Биыл әскерге шақырту алып, Отан алдындағы борышын өтеп жатыр», — деді әкесі.
Қара жердің игілігін көріп отырған Билибаевтар отбасының ісі көпке үлгі. Қоршаған ортаны құлай сүйген кейіпкеріміздің жан-дүниесінің сұлулығына да тәнті болдық. Батырхан ағаның тұмса табиғат аясында шабыты кернеп, өлең жазатын өнері де бар екен. Алма бағын аралап, шырынды жемістен дәм татқан бізге ол бірнеше өлеңдерін оқып беріп:
«Ұлы өмір өзендей жайнай берсін жасымыз,
Енді қайғы көрмесін ақ қыраулы басымыз
Барлық халық тең болсын,
Бір-бірімен қауышқан
Дос-туысқан, ел болсын.
Ауылымыз мерекелі болсын,
Бау-бағымыз берекелі болсын
Даламыз дәнді болсын,
Тауымыз малды болсын
Әр отбасына құт-береке кіре берсін!»,-деп ақ батасын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.