ЖЕЛДЕН ЖҮЙРІК УЛЬЯНА

0

Спортты жанына серік етіп, бүкіл өмірін соған арнағандардың арасында қыз балалардың кездесуі қуантады. Ер жігіттің тісі батпайтын спортқа аяқ басып, сол дүбірде олжа алып, биік шыңға жетіп жүргендер біздің ауданда да табылады. Бүгінгі кейіпкеріміз жеңіл атлетикатиканы сүйіп, осы спортты өмірімен байланыстыруды шешкен жан. Ол – Ульяна Лещинская.

Ульяна өзіне жарасымды спортты таңдап, аудан намысын биіктен көрсетіп жүрген нәзік жан. Он жасында №18 БЖСМ-ндегі жеңіл атлетика секциясына жазылып, құштарлығы осы спортқа ауды. Тіпті, жүгірмесе тұра алмайтын күй кешті. Оның алғашқы бапкері Алина Ахметова жас қыздың қысқа қашықтыққа шабатын қабілетін бірден байқап, баптай бастады. Көп ұзамай желаяқ қыз алғашқы нәтижелерге қол жеткізе бастады. Аудандық, облыстық, кейіннен республикалық жарыстарда Қордайдың атын шығарып, олжалы орала бастады.

Жамбыл облысының бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстанның қола жүлдегері, сонымен қатар көрші Қырғыз елінің ашық чемпионаттарының жеңімпазы Ульяна бүгінде Бішкек қаласының спорт университетінде дене шынықтыру мұғаліміне оқып жатыр.

— Менің үлкен жетістіктерім 400 метрде 1 минут, 800 метр қашықтықта 2 минут 2 секунд. Осындай нәтиже көрсеткенім бапкерлерімнің арқасы деп білемін. Қазір мұғалімдікке оқудамын. Арманым – бапкер болу, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болу. Біздің ауданда жеңіл атлетиканы дамытуды да мақсат тұтамын. Әрине, спорттағы жетістіктер әлі де алда. Ол үшін тынбай еңбектену қажет, — дейді жас желаяқ қыз.

18 жасар Ульяна Лещинскаяның жеңіл атлетикадан 1-разряды бар. Ол жаттығуларын ешқашан жібермейді, моншақтап төккен тер мен қайратты жаттығу жақсы көрсеткіштердің кепілі деп біледі. Желмен жарысқан желаяқ қызға үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспіз!

Е.ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.