БАСТЫ НАЗАРДА – БАЛА ТӘРБИЕСІ

0

Сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай Сортөбе ауылындағы «Имамдар үйінде» дін қызметкерлерімен жиын өткізді. Шараға ауданның бас имамы Алмуханбет Егізбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық білім бөлмінің басшысы Санат Әшірбеков, Қарасу, Ауқатты, Масаншы және Сортөбе ауылдарының имамдары мен мектеп директорлары қатысты.

Басты мақсат – аудан аумағында қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау жолындағы өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау бағытында ортақ ұстаным қалыптастыру.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі.

Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Осы тұрғыда діни қызметкерлердің, яғни Сіздердің қоғамдағы рөлдеріңіз ерекше екенін атап өткім келеді, — деді жиынды аша отырып Дамира Маратқызы.

Аудан әкімінің орынбасары алдымен мектеп оқушыларының дін ұстану жайын қозғады, өйткені кәмелет жасына толмаған әрбір баланың ең бірінші мақсаты – білім болуы тиіс екендігін тілге тиек етті. Одан кейін Дамира Маратқызы ерте жастан некеге тұру мәселесіне тоқталды. Мұндай жағдай Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетінін әрі дене бітімі толық кемеліне жетпеген жасөспірім қыздың денсаулығына кері әсерін тигізетіндігін айтты. Үшінші — заңсыз діни оқытуға жол бермеу керектігін ескертті. Діни қызметкерлер ауыл тұрғындары арасындағы сыйлы адамдар, сондықтан мешітке келетін жамағатпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.

-Қорытындылай келе, қоғамдық тұрақтылық пен салауатты ұрпақ тәрбиесі – барлығымыздың бірлескен еңбегіміздің нәтижесі. Сондықтан алдағы уақытта да аудан әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырамын, — деді аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.

Одан кейін сөз алған Алмуханбет Егізбаев, Біржан Әлімбет, Санат Әшірбеков, Масаншы ауылындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы мектептің директоры Талғат Чарипбеков өз ойларымен бөлісті.

Жиын соңында қатысушылар өскелең ұрпақ тәрбиесі болашақ кепілі және оның білімді, саналы болып өсуі үшін билік, қоғам, дін өкілдері бірігіп атсалысуы керек деген ортақ шешімге тоқталды.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.