БІРЫҢҒАЙ ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

0

2019 жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді.

Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) дегеніміз – өз бетінше өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар үшін жасалған қазіргі таңдағы өте тиімді төлем құралы. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін салық органдарында тіркеудің оңай тәртібін көздейді.
Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) 4 міндетті төлемнің түрін бірден қамтиды:
1. Жеке табыс салығы (ЖТС) – 10%;
2. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар – 20%;
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) зейнетақы төлемдері — 30%;
4. Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына аударымдар — 40%;
Бірыңғай жиынтық төлемнің 2023 жылғы ай сайынғы мөлшері:
Республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), яғни 3 450 тенге, — 1 725 теңге.
Басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК, яғни — 1 725 теңге.
БЖТ-ді төлей алатын азаматтар:
1. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ сырттан жұмысшы жалдамай, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;
2. Жеке қосалқы шаруашылықта өзінің өсірген өнімдерін жеке тұлғаларға өткізіп, пайда табатындар;
3. Олардың жылдық табысы 1 175 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК), яғни 4 053 750 теңгеден аспауы тиіс.
Бірыңғай жиынтық төлемді екінші деңгейлі банктерге барып немесе сол банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болады. Ол үшін «Налоги» немесе «Платеж в бюджет» деген бөлімге кіру керек. Төлем мөлшері ЖСН нөмірін енгізу негізінде автоматты түрде анықталады.
Каспибанк қосымшасында «Гос услуги», әрі қарай «Отчисления для самозанятых» бөлімдеріне кіру қажет.
Бірыңғай жиынтық төлемді кездейсоқ ұмытып кетпеу үшін және медициналық сақтандыру статусынан айырылып қалмау үшін 1 жылға алдын-ала төлеуге болады. Бұл жағдайда еңбек өтілі 1 айға ғана есептеледі. Еңбек өтілі жыл бойы үздіксіз есептеліп отыруы үшін Бірыңғай жиынтық төлемді әр ай сайын жеке-жеке төлеп отыру қажет. Бұл жағдайды мысал түрінде қарастыратын болсақ, жалпы схема былай болады: мысалы, Сіз қаңтар айында 1725 теңге көлеміндегі Бірыңғай жиынтық төлемді төледіңіз делік. Қаңтарда сіздің еңбек өтіліңіз есептеледі, бірақ сіз әлі медициналық тұрғыдан сақтандырылмайсыз. Ақпан айында БЖТ-ны төлесеңіз, бұл жолы да сіздің еңбек өтіліңіз есептеледі, бірақ сіз әлі медицина-лық тұрғыдан сақтандырылмайсыз. Сіз БЖТ-ны наурыз айында тағы да төлеген кезде, сіздің еңбек өтіліңіз жүреді және медициналық сақтандырған болып есептелесіз. Әрі қарай БЖТ-ны ай сайын төлеп отырсаңыз, сіздің еңбек өтіліңіз бен медициналық сақтандырылуыңыз үздіксіз сақталатын болады. Бұл жерде БЖТ-ны ай сайын үздіксіз төлеп отыруды әрдайым назарда ұстау керек. Себебі, БЖТ қандай да бір себептермен төленбей қалған жағдайда, біріншіден, сіздің үздіксіз еңбек өтіліңіз үзіледі, екіншіден, медициналық сақтандыру жүйесіне сіз БЖТ-ны қайта төлей бастағаннан кейін тек үшінші айда қайта ораласыз!
Бір сөзбен айтқанда, Бірыңғай жиынтық төлем – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың мемлекеттік тегін медициналық көмекке толыққанды қол жеткізуіне мүмкіндік беретін бірден-бір төте жол!
Абдрахман БЕЛҒОЖАЕВ, Қордай ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.