ДӘРІГЕРЛЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС

0

Мен биыл жетпіс  жастамын. Шілде айының екінші  жартысында кенеттен тамағым ауыра бастады. Күн ыстықта терлеп отырып жеген  балмұздақтан болар, басылар дедім. Бірақ, күннен-күнге тынысым тарыла берді. Кеуде тұсым қысылып  дем жетпей бара жатқан соң балаларым аудандық ауруханаға апарды. Бұл шілденің 21-і болатын. Дереу тексеруден  өткізіп, өкпенің екі жақты пневмониясы деген диагнозбен   ауруханаға жатқызды. Жазда  індеттің  өршуіне  байланысты провизорлық бөлім құрылып, жұқпалы  аурулар бөлімі терапия бөлімінің  ғимаратына орналасқан кезі еді. Мен  мұнда екі апта емделіп жатқанымда дәрігерлердің, медбикелер мен санитарлардың өз ісін қаншалықты беріліп атқарғандығына куә болдым. Әншейінде бағалай  бермейтін дәрігер еңбегінің маңыздылығына, олардың  шын мәнінде адам жанының арашашысы екеніне  өз басымнан өткізіп көз  жеткіздім.

 Алғашқы күндері өте ауыр халде жаттым. Дем жетпей қиналдым, мұрныма  оттегі үрлейтін аппарат қойып, деміл-деміл ине салып, дәрілерін беріп жандары  қалмады. Инфекция бөлімінің  меңгерушісі Гүлнара Молдажанованың өзі  бас болып, реаниматолог дәрігерлер Сара Сұраншиева мен Нұрсұлтан  Қарағойлиев, медбрат Нұрлан Асан, медбикелер Зарина Мендебаева, Альбина Ыбыш, Саида Турдакунова, А.Берелке, Л.Оралбаева, санитарлар Э. Бедішева, М.Неверова, Е.Ломироватова, Н.Әмірқұлова, Д.Жұмабаева, Г.Омарова және басқалары өз денсаулығын қатерге тіге отырып,  науқастардың асты-үстіне түсіп қызмет етті. Індет өршіген маусым, шілде айларында  мұндағы төсек саны жүз елуге жеткізілді деп естідім. Емделушілердің көпшілігі жазылып шығып үйлеріне оралып жатты, бірен-саран болса да дәрігерлер араша түсе алмай бақилық болғандар да жоқ емес. Соларды көргенде өзімнің шынында ажал аузынан қайтқанымды түсініп, ақ  халатты абзал жандарға деген құрметім арта түсті.

Жазылып шыққаннан кейін ауданның денсаулық сақтау жүйесі жайлы көп ойланатын болдым. Шүкір, Қордайдың  медицинасы жақсы деңгейде екен. Жайшылықта қасынан өтіп жүріп аңғара бермейтін аурухана ғимараттарының салыну тарихы да еске түседі. Қордайдан шығып қазақ қыздары арасында Мәскеуде дәрігерлік білім алып келген  Жәмила Шурина,  Балбала Тілепбергенова, аудандық денсаулық сақтау бөлімін қырық жыл бойы басқарған Борис Доев тәрізді тұлғаларды қалай ұмытарсың? Аудандық  аурухана кешені және көптеген  ауылдық ауруханалар мен дәрігерлік амбулаториялар сол Доевтың кезінде салынып еді, бірқатары әлі күнге дейін ел игілігіне қызмет етуде. Сол ғимараттар мен ондағы  қымбат медициналық жабдықтарды тоқырау  жылдары талан-таражға түсірмей, дәрігерлік  персоналды шашау шығармай  сақтап қалған Эйвас Замановтың еңбегі өз алдына. Бұл игі дәстүрді Зәуреш Қадырбекова басқаратын қордайлық  дәрігерлердің қазіргі ұжымы лайықты жалғастырып келеді деуге болады.

Қордай  медицинасының  әлеуеті биыл коронавирус  індетімен күрес кезінде  айрықша танылды. Аудан дәрігерлері бар білімі мен білігін, уақытын сарп етіп ауру жұқтырғандарды карантинге жатқызып, емдеп жазуға арнады. Аудандық ауруханаға қайырымды жандардан көп көмек болды. Қордайдың қалталы азаматтары, кәсіпкерлер әрқайсысы он миллион теңгеден асатын  өкпені жасанды желдету аппараттары, сондай-ақ, оттегі концентраторы, дәрі-дәрмектер, бетперде, төсек-орын, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Соның арқасында өлім-жітім ауыздықталып, індеттің  беті  қайтқандай болды. Сол үшін барша дәрігерлер қауымына, қайырымды жандарға, індетке қарсы күресті  ұтымды ұйымдастыра білген аудан басшылығына алғысым шексіз.

Дегенмен, әлемдегі жағдай алаңдатады. Қауіптің беті қайтпай тұр. Індеттің  екінші толқыны туралы айтылып  жатқандарға бейжай қарауға болмайды. «Сақтансаң  сақтаймын» демекші, барлық сақтық  шараларын орындап, той-жиындардан  уақытша тартынып, көпшілік орындарда бетперде тағып, ара-қашықтықты сақтап  жүруден ерінбейік. Өзіңнің ғана емес, айналадағы адамдардың, туыстарыңның, достарыңның, бала-шағаңның халін ойлау керек. Ауырып тұрған, бірер адамның көз алдымда осы індеттен бақилық болғанын көрген адам ретінде жерлестерімнен осыны өтінемін.

 

 Шернияз  Жылқыбеков, зейнеткер, Қордай ауылы                                                                                   

Leave A Reply

Your email address will not be published.