Қазіргі қоғамда түрлі құқықтық, отбасылық, еңбек және азаматтық даулардың туындауы – қалыпты құбылыс. Мұндай келіспеушіліктерді шешудің дәстүрлі жолы – сотқа жүгіну. Алайда кез келген дауды сот тәртібімен қарау әрдайым тараптардың өзара қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндік бере бермейді. Осыған байланысты дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді тетіктерінің бірі – медиация.
Медиация – бұл бейтарап үшінші тұлғаның, яғни медиатордың көмегімен дауласушы тараптардың өзара келісімге келуіне бағытталған рәсім. Басты ерекшелігі – медиатор ешкімнің пайдасына шешім қабылдамайды және тараптарға өз шешімін міндеттемейді. Оның негізгі міндеті – тараптардың бір-бірін түсінуіне, ортақ мәмілеге келуіне жағдай жасау.
Оның ең маңызды артықшылықтарының бірі – уақытты үнемдеу. Соттағы даулар белгілі бір рәсімдерден өтіп, ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ал медиация барысында тараптар өзара келісімге қысқа мерзім ішінде келе алады. Сонымен қатар, медиация сот шығындарын азайтуға және тараптардың қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Медиацияның тағы бір тиімді тұсы – тараптардың өзара қарым-қатынасын сақтап қалуы. Бұл әсіресе отбасылық, көршілік, еңбек және іскерлік қатынастарда маңызды. Сот талқылауында бір тарап жеңіп, екінші тарап жеңіліс табуы мүмкін болса, медиация екі тараптың да мүддесін ескеретін шешім қабылдауға бағытталады. Сондықтан медиация «жеңімпаз бен жеңілгенді» анықтаудан гөрі, екі жаққа да қолайлы шешім табуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда медиация институтының дамуы азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдағы дауларды бейбіт жолмен реттеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Оны кеңінен қолдану соттардың жүктемесін азайтып қана қоймай, қоғамдағы келісім мен өзара түсіністікті нығайтуға да ықпал етеді.
Қорытындылай келе, медиация – дауларды шешудің заманауи, тиімді әрі өркениетті тәсілі. Ол тараптарға уақыт пен қаражатты үнемдеуге, өзара қарым-қатынасты сақтауға және екі жаққа да тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан кез келген даулы жағдай туындаған кезде, сотқа дейін мәселені шешу мүмкіндігін қарастыру – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды жолдарының бірі.
К.Искаков, судья