Е.ҚАРАШӨКЕЕВ: Қайтарымсыз гранттарды бөлу тікелей эфирде жүргізіледі

0

Мемлекет басшысының әр 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға қатысты тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында жыл басынан бері 15,6 мың жұмыс орны ашылып, жоспар (13,5 мың) артығымен орындалды.

Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде жан-жақты айтылды.

Күн тәртібіндегі тақырып бойынша баяндама жасаған Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, ағымдағы жыл басынан бері 58,3 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның 25,8 мыңы жастар. Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылған 58,3 мың жұмыс орнының 42,4 мыңы – тұрақты.

Басқарма басшысы облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 14 749 адам орналасқанын атап өтті.

Облыс әкімі ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқандарға міндетті зейнетақы жарналарын аудару көрсеткішінің төмендігін сынға алып, нақты міндеттер жүктеді.

Аймақ басшысы бірқатар аудан әкімдерінен жауаптар алды. Қайтарымсыз гранттар бөлуде комиссияның жұмысында ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, тұрғындарға жан-жақты ақпарат беру керектігін баса айтты.

Бүгінде біз мектептер, ауруханалар, спорт кешендері басшыларының бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурстарды әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетуді қолға алудамыз.

— Қайтарымсыз грант қаржысының мақсатты түрде жұмсалуы бақылауда болуы тиіс. Бұл тұрғыда комииссияның жұмысын қайта қарау маңызды. Сондықтан, бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін қайтарымсыз гранттарды бөлу процесін де тікелей эфир арқылы жүргізу қажет,— дей келе Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.