ЕКПЕ АЛУ – ДҰРЫС ШЕШІМ

0

«Қауіпті вирустан қорғанудың бірден-бір жолы – вакцина» дейді мамандар. Мұны аудан тұрғындары жақсы түсініп келе жатқанын Қордай аудандық орталық ауруханасының егу пунктіне барғанда байқадым. Білуімше, алғашқы кезекте екпені медицина қызметкерлері мен мұғалімдер алған. Көп ұзамай вакцина барлық тұрғындарға қолжетімді болды.

Осыған байланысты бірден вакцина салдыруға бел будым. Әрине, басында түрлі ойлар мен күдіктің де болғанын жоққа шығармаймын. Алайда, екпе жайында көп ақпарат оқып, оң-солын саралап, ауруханаға бардым. Осы тұста айта кетерлігі, екпеге қарсы болғандардың ешбір нақты дәлелі жоқ, тек бос әңгіме екен. Ал, ауруханаға барғанымда дәрігерлер нақты дәлелдер мен дәйектерді алдыма жайып салды.

Алдымен ақ халаттылар дене қызуы мен қан қысымымды өлшеп, сауалнама парағын толтыруды ұсынды. Дәрігер өкпені тыңдап, тексереді. Бақылаудан өткеннен соң ғана вакцина салатын кабинетке кірдім. Дәрігер екпе алғаннан кейін кейбір адамдарда ештеңе байқалмай, жайлы өтсе, енді біреулердің басы айналып, қан қысымының жоғарылауы және жалпы өзін жайсыз сезінуі мүмкін екенін айтып ескертті. Сол жерде байқағаным, вакцина алғысы келетіндердің арасында жастар да, қарттар да көп болды. Білім мекемелері мен ұйымдардың қызметкерлері де ұжым болып, індетке қарсы вакцина алуда. Қарапайым тұрғындардың да белсенділігі артқан. «Спутник V» вакцинасының алғашқы дозасын алып, 21 күн өткеннен кейін екінші дозасын алдым.

Бірінші дозасын алған күні дене қызуым аздап көтерілгеніне қарамастан, келесі күні барлығы орнына келді. Екінші дозаны алған кезде ештеңе сезбедім. Мамандар халық неғұрлым тез арада вакцинациядан өтсе соғұрлым аурудың беті тез қайтады, дейді. Сондықтан да барша тұрғындарды алып қашпа әңгімелерге сенбей, екпе алуға шақырамын. Бірге болып жаман індеттен айырылып, қалыпты өмірге оралайық, ағайын!

Б.Кеншінбай, Қордай ауданының тұрғыны

Leave A Reply

Your email address will not be published.