ЕРІКТІ БОЛУ – ІЗГІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

0

Бүгінде волонтерлік бағыт елімізде ерекше екпін алып, өңір-өңірлерде қарқынды дамып келеді. Алайда осы еріктілердің еңбегі әділ бағаланып жатыр ма? Олардың құқығы қаншалықты қорғалады? Сондай-ақ бұл тек жастарға тиесілі жұмыс ретінде неге бағаланады? Жалпы, ерікті болу тұрғындар арасында жаппай көрініс табуы үшін не істемек керек?

Аймақта волонтерлер қозғалысы қандай?
Жамбыл облыстық волонтерлік фронт-офисінің берген ақпаратына сүйенсек, өңірде құрамында 10 мыңнан аса волонтері бар 13 ұйым, 36 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі және Тараз қаласы мен барлық аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған топтар жұмыс істейді екен.
– Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 9,0 миллион теңгеге «Волонтерлік қызметті дамытуға бағытталған жобаларды ұйымдастыру» жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар облыста 2019 жылдан бері «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері іске қосылып, бүгінде 13 дүкен жұмыс істеп келеді. Жоба аясында 14 мың отбасына 45 мың тонна киім-кешек үлестірілді.
Өңірдегі жастар ресурстық орталығы мен волонтерлік жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен «Білім», «Саулық», «Сабақтастық», «Асыл мұра», «Қамқор», «Таза әлем», «Үміт» және өзге де бағыттар бойынша 10 528 адамды қамтыған 694 іс-шара өткізілді.
Қаңтар оқиғасы кезінде «Әулиеата жастары» еріктілер штабы құрылып, онда 50 ерікті жұмыс істеді. Олар жалғызілікті қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп, қажетті азық-түліктермен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті.
Сонымен қатар қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Қоғам сақшысы» топтары ықшамаудандарда, саябақтарда арнайы жадынамалар мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және облыс әкімінің үндеуін таратты.
Облысымызда қан қорының жетіс­пеуіне байланысты штаб Қан орталығына еріктілерді тарта отырып, 100-ге жуық азамат қан тапсырды, – дейді облыстық волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Арайлым Әбдуалиева.
Бұдан бөлек, «Әулиеата жастары» облыстық волонтерлер штабы Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы кеңсесінің қоқыстарын шығарып, ғимараттың қалпына келуіне өз үлесін қосқан. Ал Алғыс айту күніне орай «Тегін такси» қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып, жобаға көлік жүргізетін волон­терлер атсалысқан. Тағы бір айта кетерлігі, еріктілер түнгі рейдтерге де қатысып, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 16 хаттама толтырған.
Еріктілерге қоқан-лоқы көрсететіндер көп
Байқап тұрсаңыздар, еріктілердің еңбегі ұшан-теңіз. Өңірдегі түрлі оқиғаның басы-қасынан табылып қана қоймай, көліктерімен тұрғындарды тегін тасып, қала қауіпсіздігіне де үн қосып жүр. Енді осы еріктілердің еңбегі өз деңгейінде бағаланып, еленіп жатыр ма?
– Облыс орталығындағы еріктілер бүгінде 11 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алайда волонтерлердің қауіпсіздігі бізді көп алаңдатады. Олай дейтініміз – еріктілер тұрғын үйлерге барғанда халықтың бірі «Неге келе бересіздер?» деп ақпарат беруден бас тартса, екіншілері қоқан-лоқы көрсетіп жатады. Тіпті, итін босатып жіберетіндер бар. Сондықтан біз волонтерлерге тәртіп сақшылары тарапынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрағанбыз. Бірақ толықтай қанағаттандырылмады. Бір сөзбен айтқанда, еріктілердің қауіпсіздігіне өзіміз жауаптымыз.
Ықшамаудандарда тұрғындар есігін ашпай еріктілерді әбігерге салады. Оған қоса, волонтерлер арасында қыздар да болғандықтан, пәтердің есігін кім ашар екен деп те уайымдаймыз. Үйде түрлі жағдайда отырған адамдар болуы мүмкін. Сондықтан қыздардың қауіпсіздігіне қатты алаңдаймыз.
Волонтерлерді тоқсан сайын түрлі марапатқа ұсынғанымыз болмаса, оларға жоғары оқу орындары басшылары да толықтай қолдау көрсете бермейді. Ең болмаса оқуына балл қосып берсе деп сұранамыз.
Негізі, бізде жастар ғана ерікті болуы керек деген теріс түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Кез келген адам ерікті бола алады. Алайда оларға өз деңгейінде қолдау болмағандықтан, ерікті болудан қашады. Егер ерікті жастарға волонтер болғаны үшін еңбек кітапшасы ашылып, сол жерде ерікті болған еңбек өтілі көрсетілсе, үлкен қолдау болар еді. Дәл сондай ерікті болған сала мамандарына қосымша еңбек өтілі қосылатын болса, біз волонтерлік қоз­ғалысты жандандырар едік, – дейді Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Абзал Есіркепов.
Жалпы, еріктілердің еңбегі бағаланбай жүргенін жастардың өздері де жасырмайды. Тіпті, олардың үндеуіне министрлік те қолдау көрсетпепті.
– Жасыратыны жоқ, үш волонтер мемлекеттік наградаға ие болды. Атап айтсақ, белсенді де жемісті қамқоршылық қызметі мен қайырымдылық ісі үшін берілетін «Шапағат» медалімен облыстық «Өркен-ниет» қоғамдық қорының президенті А.Базаров, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Дятлова және Lider Kz волонтерлік ұйымының жетекшсі Н.Чагай марапатталды. Алайда бұл теңізге тамған тамшыдай ғана демеу.
Волонтерлер жылы еріктілердің беделі мен құқығын нақтылау бойынша бағдар­ама ұсынылған болатын. Бірақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапы­ан қолдау таппады. Содан бері волон­ерлерге қатысты мәселе ашық күйі қалып келеді.
Біз өз тарапымыздан тоқсан сайын еріктілерді түрлі марапатқа ұсынып жата­ыз. Алайда бәрін бірдей қамту мүмкін емес. Еріктілерге Төтенше жағдай депар­аменті көп демеу көрсетеді. Бірақ басқа мекемелерден ондай қолдауды сезінбей отырмыз.
Өткен жылдары «Студенттік кредит» деген жоба жанданған. Сол кезде түрлі айлық жалақыға 200-ге жуық бала жұмыс істеді. Бірақ науқандық әрі ақылы жұмыс болғаннан кейін біз оларды еріктілер қатарына қоса алмадық. Егер еріктілерге еңбек кітапшасын ашып беріп, еңбек өтілін жүргізсе, бұл бір біткен іс болар еді. Әзірге біз еріктілердің еңбегін көрсететін анықтама қағаз ғана жазып бере аламыз, – дейді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Арайлым Әділбекқызы.

P.S.
Иә, еріктілердің еңбегі ерен. Әрі жастар қозғалысы өз өміршеңдігін бүгінде дәлелдеді. Әттеген-ай дейтін тұсы – қолдаудың аздығы. Егер еріктілер үшін еңбек кітапшасын жасап беретін болса, көптеген кедергіні еңсерер едік.
Жамбыл облысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.