Мен, 1940 жылдың 2 наурызында Қаракемер ауылында дүниеге келдім.
Өмір жолым — халқымыз бастан өткерген қилы кезеңдердің куәсі. Әкемнің тағдыры — соғыстың, анамның өмірі — төзімнің, ал ұлымның ғұмыры — елге деген адалдықтың белгісі болып жүрегімде мәңгі сақталып келеді.
Әкем Қамза Тулақбайұлы 1914 жылы Қаракемер ауылында дүниеге келген. Ел ішінде оны өжет, алғыр, еңбекқор, қара қылды қақ жарған әділ азамат ретінде құрметтеген. Ол латынша сауат ашып, төрт класс білім алған. Сол заман үшін бұл үлкен жетістік еді. Еңбекке ерте араласқан әкем небәрі он алты жасында трактор айдап, туған жердің егін шаруашылығын дамытуға үлес қосқан. Жер жыртып, егін сеуіп, маңдай терімен елге қызмет етті. Ел қамын ойлаған, жұртқа жанашыр асыл азамат болған.
1939 жылы әкем Нұркүл Құсайынқызымен шаңырақ көтереді. Анам өте мейірімді, ақ көңіл, мінезі жібектей жұмсақ жан еді. Алайда олардың бақытты өмірі ұзаққа созылмады.
1941 жылы әкемді Мәскеуге шақырып, Иосиф Сталиннің өз қолынан ерен еңбегі үшін орден табыстайды. Бұл — сол кезеңдегі үлкен мәртебе болатын. Бірақ арада жеті ай өткен соң, әкем әскер қатарына шақырылды. Соғыста танкші болды.
1942 жылы Курск түбіндегі шайқаста жараланып, госпитальде төрт ай ем алады. Кейін қайтадан майданға аттанады. Сол кеткеннен 1942 жылдан бастап хабарсыз кетті. Әкемді бір көруге зар болып, анам ұзақ жылдар үмітпен өмір сүрді. Соғыс аяқталғаннан кейін алты жылдан соң, Тулақбай атамның рұқсатымен анам Бүбіш анасының қолына кеткен екен. Ал мен атам мен Тұрсын апамның тәрбиесінде қалдым.
1949 жылы анам Ақылша Сейлхановқа тұрмысқа шықты. Ол кісі де соғыс ардагері еді. Өмірдің бар қиындығын жеңген, кеңпейіл, жомарт, ерекше адам болатын. Мені туған баласынан кем көрмей өсірді. Анам екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Ақылша әкемнің адамгершілігі мен қамқорлығын өмір бойы ұмытпаймын. 1957 жылы «Колос» колхозының тұрғыны Кульчиков Әлімбай Сүйімбайұлына тұрмысқа шықтым. 1958 жылы «Колос» колхозы «Алмалы» винсовхозы болып өзгерді. Мен он жеті жасымнан бастап совхозда еңбек еттім. Алма, жүзім, құлпынай өсірдік. Еңбектің ыстығы мен суығын қатар көрдік.
1971 жылдан бастап он жеті жыл бойы топ басшысының көмекшісі және топ басшысы — бригадир қызметін атқардым. 1973 жылдың 17 маусымында облыстық депутат болып сайландым. Кейін халық сенім артып, қатарынан төрт рет аудандық депутат болдым. Еңбегім бағаланып, көптеген марапаттарға ие болдым.
Бүгінде жасым сексен бесте. Ауданның «Құрметті ардагерімін». Алты баланың анасымын. Балаларымның бәрі өсіп-өніп, ұрпақ өрбітіп отыр. Аллаға шүкір, он алты немере, жиырма жеті шөбере сүйіп отырған бақытты әжемін.
Дегенмен ана жүрегінде жазылмас жара болады екен… Менің ұлым Жеңісбек 1966 жылдың 26 қыркүйегінде дүниеге келді. Бала күнінен зерек, техникаға бейім, елгезек болып өсті. Мектепте қатарынан озық болды.
1983 жылы мектепті бітіріп, 1984 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Алғашында Германияда алты ай әскери борышын өтеді. Әскери дайындықтағы жоғары көрсеткіші үшін медальмен марапатталып, бір айға үйге демалысқа жіберілді. кейін арнайы дайындықтан өтіп, арнайы жасақ құрамымен Ауғанстанға аттанды. Кабул қаласында рота командирі болып қызмет атқарды. Талай ұрысқа қатысып, екі рет жараланды. Мина жарықшақтары басына тиіп, контузия алды. Ташкент қаласындағы госпитальде үш ай емделіп, 1986 жылдың желтоқсанында елге оралды. Бірақ соғыстың зардабын денсаулығымен бірге ала келді.
1987 жылы Алматы қаласындағы «Амал» фирмасында коммерциялық директор болып еңбек етті. Өмірі алда деп жүргенде, 1995 жылдың 3 сәуірінде танысымен үйден шығып кетіп, содан қайта оралмады. Осы күнге дейін хабарсыз. Артында бір ұл, бір қызы қалды.
Ұлы Отан соғысында әкемнен айырылдым. Бейбіт заманда ұлым Ауған соғысының зардабын тартты. Бірі майданнан оралмады, бірі елге аман келгенімен, тағдыр тәлкегінен құтыла алмады.
Өмірдің талай ауыр кезеңдерін бастан өткерсем де, халқымның, ұрпағымның амандығына шүкіршілік етемін. Адам өмірден өтеді, бірақ оның артында қалдырған ізі, еңбегі мен тәрбиесі ешқашан өшпейді.
Әкем Қамза, анам Нұркүл, Ақылша әкем және ұлым Жеңісбек — менің жүрегімде мәңгі сақталатын, аттары өшпес қымбат жандар.
Ауесхан КУЛЬЧИКОВА, Қарасай батыр ауылының тұрғыны