Имандылық туралы

0

Иә, қазақ шыр етіп дүние келген баланың құлағына азан айтып, ажалы жетіп бұл жалғаннан озған жанның да жүзін құбылаға қара-тып, жаназасын оқып Ұлы Жаратушының жарлығын бұлжытпай орындауға тырысқан. Бабаларымыздың дін туралы танымы, сенімі ерекше болғанымен дінді жаратылыстан тыс құдіретті құбылыс, тылсым ретінде есептемеген, көзсіз бас қойып, құлдай жығылып, табынған да емес. Дін адамдар мен қоғам арасын жалғастырушы, жан мен тән тазалығын сақтайтын, тәрбие құралы, жүректерде мейірім ұялатар рухани күш ретінде бағаланған.

«Мұсылманшылықтың тұтқасы – сенім, иман, имандылық»,- деп ағартушы Ыбырай Алтынсарин тұжырымдаса, ақын Мағжан Жұмабаев діннің тұрмыстық салт-дәстүрлермен астарластығын «Ораза деген қазаққа құлшылық емес, әдеп қой», — деп бір ауыз өлеңмен сипаттаған. Ойшыл жазушы Ғ.Мүсірепов дін жөнінде: «Адам баласы бірдемеге сенбей, арқа сүйемей тұра алмайды, сол сенімнің аты — дін. Ең арғысы саяси сенім дегеннің өзі халықтың басым көпшілігі үшін дін», — деп жазушы Ғ.Мүсірепов діннің адам өміріндегі рухани күшін жоғары бағалағаны белгілі.
Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп-ақ. Соның бірі: имандылық. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, нысапсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Қазақтың жүзі жылы жанды жолықтыра қалса, «бетінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иманжүзді кісі екен» деп айтатыны сондықтан «Жиғаныңа сенбе – иманыңа сен. Иманды адам – арлы адам. Имансыз адам – сорлы адам. Үстіңнің кірін – сабын кетіреді, жаныңның кірін – иман кетіреді», «Имандылық қастерлі қасиет», «Имандылық – инабаттылық айнасы», «Имандылық – ізгілік негізі» деген секілді атадан қалған тұрақты сөз тіркестері мен мәтел сөздер жетерлік. Өкінішке орай, тоталитарлық саясаттың үстемдік жүргізуінің салдарынан біздің халқымыз осындай ұлы қасиетімізден айырылып қала жаздадық. Иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға берілетін көркем мінез. Имандылық мінезі әрбір мұсылманның бойынан табыла бермейді ұғым. Атам қазақ иманын – өз болмысының тірегі мен ар-ожданның биігі деп есептеген. Сол себепті аталарымыз жүректен иман шыққаннан кеудеден жан шығуды артық санаған. Оған: «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген сөзі куә. Бұл жерде « арым» деп отырғаны – иманы екені айтпаса да түсінікті шығар. «Ұят кімде болса, иман сонда» дей отырып арсыз жандарды «иманын сатты», «имансыз» деген сөзбен түйреген. Бұл – қазақтың аса иманды момын-мұсылман халық екендігінің белгісі. Яғни, қазақ бар жақсылық ұғымды иман сөзімен, бар жамандық ұғымды имансыз сөзімен айқындаған. Иман ұғымы әуел баста Құран арқылы адамдардың санасына сіңсе де, уақыт өте келе халықтың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрімен, таным-түсінігімен, наным-сенімімен біте қайнасып, жаңа бір сапалық деңгейге көтерілген ұғым. Адамның іс-әрекетінің, сөзінің тура болуы тек тәрбие арқылы ғана санаға әсер етіп жүзеге асырылады. Сенім мен турашылдық егіз ұғым. Көңілінде иманы, сенімі бар адам жалған сөйлемейді, алдамайды, аманатқа қиянат жасамайды. Иман адамға өтірік айтқызбайды, өзгені алдап, мал табудан сақтандырады. Тәрбиелі, сенімі бар адам, Алла тағала мені әр уақытта көруде деп ойлайды. Сондықтан жамандық ойламайды, өзгенің мүлкіне қол сұқпайды, қиянат етпейді. Жұрттың өзін сыйлауы үшін алдымен өзі өзгеге құрмет етеді. Ибалы қыз тәрбиелеп, асыл аналарды өмірге дайындауда, қазаққа, ислам дінінің тигізген оңды ықпалы зор болған. Сондықтан, неке қию, қыз ұзату, келін түсіру қазақ салты, ежелгі әдет-ғұрыппен ұштастыра отырып ислам діні негізінде атқарылған. Ал иманды ұл мен ибалы қыз тәрбиелеу ісі өте нәтижелі болды. «Имандылық (атауы әр түрлі болғанымен) – барлық наным-сенімдерге ортақ ұғым. Адамдардың діни сеніміне байланысты, имандылықты алалауға болмайды. Қай діндегі болсын адамдардың баршасын имандылыққа баулу қажет» дейтін К.Д. Ушинскийдің сөзі бар. Иман ұғымы бізде ұлттық сипатқа ие болғанымен, ұлттық шеңберде ғана шырмалып қалған емес. Қазақстан Республикасында тіршілік етіп отырған күллі этнос өкілдері, оның ұрпақтары имандылық нұрынан тысқары қалуға тиіс емес. Ешбір ұлт бұған қарсы болған да емес. Имандылық – қазақ үшін діни ұғым ғана да емес. Ол наным-сенім ретінде, қашаннан бар, ұласып келе жатқан түсінік. Ал, имандылыққа тәрбиелеу қазақ менталитетінің, ілімінің асыл өзегі. Осы асыл өзек бүгіндері қоғамдағы тәрбиелік іс-әрекеттер мен шаралардың тірегі бола алмай отыр. Оның себебінің бастысы – Қазақ педагогикасы, психологиясы – өткеннен қалған аңыз-әңгіме, хиқая санатында талданып жүр. Бізді кезінде ата әжелеріміз бен ата-анамыз ұят болады, обал болады деген қарапайым сөздермен-ақ тәрбиелеген еді. Әл- Фарабидің пікірінше айтсақ «…тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге келмейтін жас болмайды. Тек ретін тауып үйретуден, баулудан жалықпау керек. «Жаман қылық – ол жан ауруы. Бұл ауруды кетіру үшін тән ауруын емдеуші дәрігерге ұқсауымыз керек» – дейді ұлы ғұлама. Осы ойды өрбітіп өз ұрпағымызды имандылыққа тәрбиелеуден жалықпауымыз керек. Олар біздің ғана болашағымыз емес, тұтас ұлтымыздың болашағы екенін естен шығармайық!

Ғ.ТУЛАҚБАЕВ,
Ноғайбай ауылдық округінің әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.