Кəріз құдығына кім жауапты?

0

Қордай ауылының Жібек жолы көшесі, 504, 510, 510/1 көп қабатты үйлерінің тұрғындары кәріз құдығына жиналған шайынды судың тасып, жағымсыз иіс шығарып жатқанына шағымдануда. Олар шағымын әкімдікке жеткізіп, дүйсенбі күні Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев көп қабатты үш үйдің тұрғындарымен кездесіп, шағымдарын тыңдады.

Тұрғындардың айтуынша, кәріз құдықтарындағы суды сорғызу мәселесі осы күнге дейін шешімін таппай келеді. Тұрғындардың біразы ай сайын шайынды суды сорғызу үшін ақыны төлеп тұрса, мүлдем төлемейтіндер кездеседі екен. Соның кесірінен тұрақты түрде суды сорғызу мүмкін болмай келеді. Осы себепті кәріз құдықтарындағы су тасып, төңіректі жағымсыз иіс жайлап, тұрғындарға қиындық тудыруда. Мұнымен қоса жақында ауыз су құбыры істен шықты.

«Ақсу» мекемесінің мамандары ауыз су құбырын жөндеу жұмысын бастап кетсе, шайынды суды сорғызу мәселесі біржақты шешімін таппады. Тұрғындар бұл мәселемен коммуналдық шаруашылық мекемесі айналысуы керек десе, коммуналдық шаруашылық өкілдері кәріз жүйесі олардың құзырында емес екенін алға тартты. Әділет Қаспақбаев тұрғындарды бір ортақ шешімге келуге шақырып, бірқатар ұсыныстарын атап өтті. Мәселен, Қордай ауданы әкімдігінің ТҮКШ және АЖ бөлімі, коммуналдық шаруашылық мекемесі және аталған көп қабатты үйлердің тұрғындары арасында үшжақты келісімшарт жасау туралы айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.