ЖЫЛДАМДЫҚ ПЕН ЖАУАПСЫЗДЫҚТЫҢ САЛДАРЫ

0

«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп осыдан оншақты ғасыр бұрын өмір сүрген атақты Майқы би бабамыз бекерге айтпаса керек. Бүгінде аты аңызға айналған төбе бидің сөзі ақиқатқа айналып, ел аман, жұрт тынышта жақындарымыздың жанын күнара жалмаған жол апаттарының саны көбейіп кетті. Өзекті өртеген бұл өкініштің себебі неде? Жүргізушілер неліктен жол ережелерін елемей, қауіпсіздік шараларына салғырттық танытады? Мақаламызда осы және өзге сұрақтарға жауап іздеп, мамандардың мәліметімен бөліссек.

Иә, соңғы жылдары жол апаттарының жиілеп кеткені соншалық «пәлен жерде мынандай апат болыпты» деген сөздерге етіміз үйреніп кеткен. Тіпті, «түнде төрт адам көз жұмыпты» деген жантүршігерлік хабардың өзін селк етпей қабылдайтын болдық. Бейбіт күнде арыстай азаматтарымыздан, періште сәбилерімізден айырылып жатқанымыз, әрине, өкінішті дүние. Алайда, жоғары жылдамдықпен жүруді жаман әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілер үшін бұл жағдай «сабақ» болмай, жол-көлік оқиғаларының саны азаймай отыр.

Мамандардың айтуынша, жолдағы қайғылы жағдайлар жүргізушілердің жауапсыздығы мен жылдамдықты асыруының салдарынан орын алады екен. Мысалы, ағымдағы жылдың 3 айында бір ғана Қордай ауданында 52 жол-көлік оқиғасы орын алып, апат салдарынан 97 адам жарақат алса, 13 адам көз жұмған. Осы орайда жол апаттарының басым бөлігі республикалық маңызы бар автожолдарда, яғни жылдамдығы жоғары жол бөліктерінде болғанын айта кеткен артық болмас.

Жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жолда жауапсыздық таныту, жол жүру ережелерін елемеу – мұның барлығы орны толмас қайғыға алып келеді. Осындай әрбір жол апатының артында жақындарымыздың тағдыры, өрімдей жастарымыздың өмірі, ойран болған отбасының қайғысы жататынын кейде естен шығарып, қауіпсіздік мәселесіне немқұрайлы қарап жатамыз. Бұл, әрине, көңілге қаяу салатын дүние. Аудан аумағындағы республикалық, облыстық, аудандық және ауылішілік маңызы бар жолдардың ұзындығы 1356 шақырымды құрайды. Бұл бір аудан үшін аз емес. Жауапты мамандарымыз күн-түн демей осы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тырысып бағуда.

Аудандық полиция бөлімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.