КҮЛКІ – ДЕНСАУЛЫҚ АЗЫҒЫ

0

Гвардейск гарнизонында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Біздің күшіміз – бірлікте» тақырыбында көңілді тапқырлар клубы сайысы өтті.

Мерекеге арналған іс-шара 40-шы «Отар» әскери базасы бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ерлан Нұралиннің ұйымдастыруымен өткізілді. Мерекелік шараны әскери қызметшілер мен қалашық тұрғындары тамашалады. Сайысқа гарнизондағы барлық әскери бөлімдердің командалары қатысты. Атап айтқанда «Артиллерия», «Арсенал», «Шлемофон», «Айхай-шу», «Мәтібұлақ», «Сапер», «Фаворит» командалары қызықты ойын көрсетті.
Қатысушы командалар «Сәлемдесу», «Капитандар сайысы», «Музыкалық сайыс», «Үй тапсырмасы» ойын шарттары бойынша сайысқа түсті. Сайысқа 40-шы «Отар» әскери базасының әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жетекшісі Қарулы күштердің қызметкері Сандуғаш Наханова жетекшілік етті.
Қазылар алқасының төрағасы подполковник Ерлан Нұралин, мүшелері Отар ауылдық округі әкімінің орынбасары Гүлзат Қондыбаева, № 41-ші Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің директоры Гүлбану Сатыбалдиева, Отар ауылдық ветеринария қызметінің бастығы Жалғас Қуандық, 63302 әскери бөлімінің аға медбикесі 3-ші сынып сержанты Аймира Чалабаева сайыс ойынын бақылап, әділ бағаларын берді.
Сайыс нәтижесі бойынша 1-ші орынды 21450 әскери бөлімінің «Айхай-шу» командасы жеңіп алса, 2-ші орынды 15632 әскери бөлімінің «Шлемофон» командасы иеленді. Ал 3-ші орынды 75263 әскери бөлімінің «Сапер» командасы жеңіп алды.
Сайыс соңында үздік ойыншылар мен жеңімпаз командалар анықталып, гарнизон бастығының ауыспалы кубогы мен грамоталар табыс етілді.
– Сайысқа қатысушылар ойын шарттарына сәйкес өнерлерін көрсете білді. Командалардың дайындықтары өте жақсы, қызықты ойын көрсетті. Мереке қарсаңында көрермендер ойын әзілдерін көріп, көңіл-күйлері көтеріліп қалды. Мұндай көңілді тапқырлар клубы сайыстарын алдағы уақытта жиі ұйымдастыратын боламыз, – дейді подполковник Ерлан Нұралин.

Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.