«Көк туым көгімде желбіре»

0

Ұлттық мереке мәртебесі қайта берілген Республика күніне орай еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі азаттығымыздың айғағы – көк байрағымызды көтеруге арналған салтанатты рәсім.

Дүйсенбі күні орталық стадионда өткен шарада аудан намысын асқақтатып жүрген спортшыларымыз бас қосып, көк аспанда көк туымызды желбіретті. Ту көтеру рәсімі Бокстан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Диас Молжігітов пен бокстан Қазақстан Республикасының жеңімпазы Турдан Ерханға берілді.  Туымыз көкке көтерілгенде, әнұранымыз қоса шырқалып, халқымыздың бірлігін ұйыта түсті.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бұл рәсімнің мән-маңызын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінде «Біз – байрағын биік ұстаған бабалар ұрпағымыз. Сондықтан ту көтеру рәсімі ұлттық мерекенің маңызын арттырады», — деген болатын. Бұл шара жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті арттырып, ұлттық рухты көтеретін маңызды шара. Ерлік істер осындай патриоттық сезімнен бастау алады»,- деген Дамира Маратқызы көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін деген тілегін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.