4 мамыр күні Қордай ауылындағы спорт кешенінде «Amanat» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында балалар, ұлдар және қыздар арасында шинкиокушин фул-контакт каратэден ашық турнир өтті.
Жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа қызығушылықты арттыру және тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Турнирге Қазақстанның түрлі өңірлерінен және Қырғыз Республикасынан 10 команда, жалпы 154 спортшы қатысты. Атап айтқанда Алматы қаласы мен Алматы облысы, Қаскелең, Талғар, Қызылорда, Тараз, Мерке, Қордай, сондай-ақ Бішкек, Қара-Балта және Тоқмақ қалаларының жас спортшылары бақ сынады.
Ашылу салтанатында «Amanat» партиясы Қордай аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов құттықтау сөз сөйлеп, спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар бірқатар жаттықтырушыларға құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар табысталды.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Қаскелең қаласының командасы бірінші орынды иеленді, екінші орын Бішкек қаласына бұйырса, үшінші орынды Қордай ауданының спортшылары жеңіп алды.
Жеке есепте Қаскелең қаласының спортшысы Әлімқожа Сүлейменқұл «Турнирдің үздік спортшысы» атанды. Ал «Үздік жаттықтырушы» атағы Қордайлық Рамазан Мәженов пен Алматылық Светлана Гагаринаға берілді. «Үздік төреші» номинациясын Алматы қаласының өкілі Олег Зимин иеленді.
12–13 жас санатында Ратмир Последов, Артем Крашанин, Бексұлтан Мұхаметқали, Армель Разиев жеңімпаз атанса, қыздар арасында Нұрай Дәулетбекова бірінші орынға ие болды.
Екінші орын иегерлері қатарында Алинұр Әмірбек, Муслим Мансұров, тағы да Артем Крашанин, Бекбол Сұлтанбеков және қыздар арасында Наталия Семенова болды.
Үшінші орынға Игорь Позлюков, Арслан Сержанов, Бекжан Бектуров, Темурлан Орозбаев және қыздар арасында София Сороколет ие болды.
14–15 жас санатында бірінші орынды Әлімқожа Сүлейменқұл, Александр Шевченко, Кирилл Сологубов, сондай-ақ қыздар арасында Томирис Топтырған, Александра Кащенко және Аманиса Абдулаева жеңіп алды.
Екінші орын Димаш Сарманов, Айсултан Әмірәлі, Равиль Лаахуновқа және қыздар арасында Шұғыла Ермек, Ару Жараскызы, Сальма Зүлдебаеваға бұйырды.
Үшінші орынды Даниял Бауыржан, Ростислав Елагин, Данил Золотарев, сондай-ақ қыздар арасында Камила Қуат, Ксения Зоянова және Селин Әлісұлтанова иеленді.
Жарыс жоғары деңгейде өтіп, жас спортшылардың шеберлігі мен жігерін айқын көрсетті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль мен диплом, естелік сыйлықтар табыс етілді.