«Қыстың қамын жаз ойла» деген халық даналығының мәні Қордай өңірінде бүгінде айқын сезілуде. Биылғы көктемде жауған мол жауын-шашын жердің ырысын арттырып, шабындықтардың бітік шығуына қолайлы жағдай қалыптастырды. Белуардан келетін көк майса алқаптарда қазір қызу еңбек қайнап жатыр. Таң бозынан кеш батқанға дейін шөп шапқыш тіркеген тракторлар тоқтаусыз жұмыс істесе, жүк көліктері дайындалған престелген шөпті тасымалдап, маялауға жеткізуде.
Қордайдағы өткен қыс табиғаттың тосын мінезін анық көрсетті. Қалың қар мен ақтүтек боран салдарынан жолдар жабылып, төтенше жағдай жарияланғаны әлі ел жадында. Осындай қиындықтар қысқа ерте қамданудың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сондықтан аудан шаруалары биылғы мал азығын молынан дайындауға бар күш-жігерін жұмылдыруда.
Өткен жылы аудан бойынша 267,5 мың тонна шөп, 15 мың тонна пішендеме және 17 мың тонна сүрлем дайындалған болатын. Бұл қор малды қыстан қысылмай алып шығуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар көктемгі төл алу науқанына қажетті азық қоры да алдын ала жасақталып, 314,2 мың тонна шөп пен 58 мың тонна құнарлы жем дайындалған еді.
Биыл табиғаттың қолайлы болуы шаруаларға зор мүмкіндік беріп отыр. Мал азығын дайындау жоспары өткен жылғы көрсеткіштен кем болмай, керісінше одан асыра орындалады деген сенім мол. Себебі көктемгі жауын-шашынның мол түсуі шөптің бітік шығуына ерекше әсер етті.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сәйкес, биыл Қордай ауданында 27 726 гектар алқапта мал азығы дайындалады. Оның ішінде 23 840 гектар көпжылдық шөп, 9 038 гектар табиғи шабындық және 400 гектар сүрлемдік дақыл алқабы бар. Осынша көлемдегі жерден шөпті дер кезінде шауып, престеп, тасымалдап, маялау – үлкен жауапкершілік пен қомақты техникалық мүмкіндікті талап етеді.
Қазіргі таңда аудандағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдары техникаларын толық әзірлеп, науқанды ұйымшылдықпен жүргізіп жатыр. Әрбір ашық күнді тиімді пайдалануға тырысқан еңбеккерлер уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Себебі шөп жинау аяқталған соң алда дәнді және азықтық дақылдарды жинау науқаны басталады.
Қордайлық шаруалар үшін мол өнім – қысқы қауіпсіздіктің кепілі. Сондықтан әр бума шөп, әр мая мал азығы ертеңгі күннің берекесі ретінде бағалануда.