Киелі мекен келбеті

0

Тоғыз жолдың торабынан орын тепкен Қордайдың келбеті күн өте көркейіп келеді. Ауылдың өткені мен бүгіні жер мен көктей. Мұны байқамаған, аудан орталығында орын алған өзгеріске оң бағасын бермеген жан кемде кем. Бүгінде атқарылған іс алдағы күндері қолға алынатын ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Қысқасы, облыс аудандары арасында топ бастаған Қордай ауылы бірер жылда республика көлеміндегі рухы биік, еңсесі жоғары елді мекендер қатарынан ойып тұрып орын аларына сенім мол.
Иә, биыл қордайлықтардың қуанышына орай ауылда ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды іс атқарылды. Ауылішілік жолдар бірінен соң бірі жөнделіп, асфальт төселіп келеді. Тіпті, бұрын-соңды асфальт түгілі тас төселмеген көшелер тегістеліп, төсеніші заманауи құрылыс материалдарымен жаңартылып, жол жиектері ретке келтіріліп жатқанын көргенде таңданысымызды жасыра алмадық. Бұл аз болса оншақты көшенің бойынан тақтайдай түзу жаяу жүргіншілер жолағы түсіп, бордюрлары жаңартылды. Ауылдық округ әкімі Бақыт Сахатовтың айтуынша, алдағы уақытта Қордайдың барлық көшелері жөнделіп, жұмыс мұнымен шектелмейді.
Жаяу жүргіншілер жолағы демекші, күні кеше Төле би, Қазыбек би және әл-Фараби көшелеріне тротуар төселді. Мұнымен іс біткен жоқ. Жақын арада Беріктас көшесіне, Төле би көшесі мен Өтеген көшесінің соңына дейін, Панфилов көшесі, Цемзауыт пен Шөмішке апаратын Центральная көшесіне түгелдей тротуар төселмек. Сондай-ақ, ең бастысы Жібек жолы көшесінің екі жағының тротуары түгелдей жаңартылмақ. Жалпы, ауылда 20 шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, салынады. Сонымен қатар, ауылдағы көпқабатты үйлердің аулаларына да асфальт төселіп, тегістеледі.
Бұл аз десеңіз, қоғамдық көлікпен қатынайтын жандардың қамы да басшылықтың жіті назарында. Алдағы уақытта Жібек жолы көшесін бойлай су жаңа 21 аялдама бой көтереді. Бұл да тұрғындарға қолайлы жағдай сыйлап қана қоймай, ыстық және жаңбырлы күндері қалқан болары анық.
Жалпы, Қордайдың жолдары бірсыпыра жөнделді, тротуарлар төселуде. Ендігі кезекте түнгі уақытта жүруге мүмкіндік беретін жарық шамдары орнатылмақ. Бүгіннің өзінде аудан орталығында орнатылған барлық жарық шамдары заманауи, энергия үнемдейтін шамдарға ауыстырылды. Сонымен қатар, қараңғы көшелерді жарықтандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, Өтеген көшесі соңына дейін, Болашақ ықшам ауданына қатынайтын жол мен бірқатар ішкі көшелер жарықтандырылды. Ал, Жібек жолы көшесінің бойына 300-ден астам екі жақты заманауи жарық шамдары мен бағаналары орнатылады.
Сонымен қатар, ауданда спорт нысандары көптеп бой көтеруде. Бүгінде жастар жақында орнатылған үш «стрит воркаут» алаңдарына шоғырланады. Сондай-ақ, саябақтардың іші де жөнге келтіріліп, тұрғындардың сүйікті жерлеріне айналды. Жақын арада Қордай ауылында тағы бір спорт кешені бой көтермек. Бұл да көпке қуаныш сыйлайтын жаңалық.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.