Құрметті кітап сүйер қауым! Сіздерді Қордай аудандық орталық кітапханасында ұйымдастырылған «Кітап әлемі- ой әлемі» кітап көрмесімен танысуға шақырамыз.
Көрмеге тарихи және көркем әдеби кітаптар, балаларды адамгершілікке, Отан сүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулитын өлең- тақпақтар, ертегілер, әңгімелер мен танымдық әдебиеттер қойылды.
Желтоқсан жүректерде жаңғырады: тарихи-танымдық кітап. Желтоқсан көтерілісінің қырық жылдығына орай шыққан бұл кітапта Желтоқсан көтерілісінің себеп, салдары жөнінде кеңінен мағлұматтар берілген.
«Еділ-Жайық». Бұл жинаққа Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әйгілі композитор, жазушы және өнер зерттеушісі Илья Жақановтың эсселері, өмір деректері, әндерінің шығу тарихы топтастырылды.
«Топан»: роман-тәмсіл. Танымал жазушы Сұлтан Раевтың «Топан» романында көне Нұх пайғамбар дәуіріндегі ұлы топан судың басталу тарихы, адам баласының күнәға батып, менмендікке берілуі, сол күнәлардың жазасы аңыздық, мифтік және діни сарындарымен астаса суреттеледі.
«Сал Көкше». Поэма, дастандар. Бұл кітап – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бабалар рухының айнасы, тағылым мен сырға толы терең толғау.
«Дегелең». Өлеңдер, балладалар, поэмалар. Ақын Ділда Уәлибектің бұл жинағында Абай туған «Шыңғыстау» өңірінің аңыздары мен бүгінгі тынысы, сол топырақтан тулеген тұлғалар туралы өлеңдер мен балладалар топтастырылды.
«Өлгендер қайтып келеді» (Мен — жындымын 2). Әжуа аралас мұңлы роман фэнтези. Жазушы Сәукетаев Тұрысбек романдағы «Тауфих» образы – қоғамның өзі тудырған «жынды» кейіпкер. Оның «жындының» күйін кешіп, дүниеден баз кешуі – әділетсіздіктер мен қайшылықтардың адам өміріне аса күшті ықпал ететінің көрсетіп қана қоймай, оның жан дүниесіне терең үңілдіреді.
«Кішкентай»: повесть. Бұл кітапқа жас қаламгер Асылан Қуанышұлының повесі және әңгімелері мен новелласы, этюдтері мен балаларға арналған ертегілері, эсселері мен өлеңдері енген. Кітап әдебиет сүйер оқырманға арналады.
«Көлеңкесіне кез болған кесіртке». Ақын Қарлығаш Қабайдың поэтикалық жыр жинағы — адам болмысы мен руханияттың, миф пен қазіргі уақыттың, тарих пен танымның тоғысқан көркем-философиялық кеңістігін суреттейді.
У.ДЖАНУЗАКОВА, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы