КІТАП – ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

0

Ағылшын философы Ф.Бэкон «Кітап – заманалар толқынында тербетіліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі» деген нақыл сөзін қалдырған екен. Осы орайда ХХІ ғасыр кеңістігінде өскелең ұрпақтың кітаппен дос болып, терең біліммен сусындауы маңызды іс. Себебі кітап атты рухани қазынаны жанына серік еткен, білімі мен білігі мол жастар Қазақстанның болашағын көркейтеді деп нық сеніммен айтуға болады.
№4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп-лицейдің кітапхана меңгерушісі М.Айнақожаеваның ұйымдастыруымен «Үздік оқырман отбасы» атты мектепішілік байқауы өтті. Бұл іс-шараның мақсаты — оқушылардың отбасымен бірге кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту, отандық және әлем әдебиетіне қатысты озық шығармаларды насихаттау, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру болып табылады.
Байқау барысында қазақ әдебиетінің және әлем әдебиетінің озық шығармалары негізінде қойылымдар сахналанып, әдеби шығармалар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай берілді. Оқушылар өздері оқыған әдеби шығарманың үзіндісін сахналық қойылым түрінде көрсетті. Сахналанған қойылымдар арасында ертегілер, аңыз-жырлар, сондай-ақ «Ақиқат пен аңыз» (Ә.Нұршайықов), «Ұлпан» (Ғ.Мүсірепов), «Құлагер» (С.Жүнісов), «Өмірзая» (Б.Мұқай), «Ақбілек» (Ж.Аймауытов), «Пиковая дама» (А.Пушкин), «Отцы и дети» (И.Тургенев), «Плаха» (Ш.Айтматов) т.б. туындылар болды. Байқаудың алғашқы сатысы сыныпаралық жарыс түрінде өтіп, одан ең жоғары ұпай жинап, оза шапқан сыныптар ақтық кезеңде сайысқа түсті.
Өнер мен әдебиет үйлесім тапқан бұл сайыс оқушылардың көркем әдебиетке, өнер әлеміне деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. Сондай-ақ байқау оқушылардың жан-жақты талантын ашуға сеп болғанын айта кеткен жөн. «Осы байқау арқылы сыныптастарыммен бірге сахналаған танымал жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» шығармасының маңызын біле түстім. Әрбір кейіпкердің жан-дүниесін түсініп, романның көтерген мәселесін аңғардым. Мұндай байқаулар оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын жандандырады деп сенемін», — дейді 9»а» сынып оқушысы Ә.Тілеукен.
Осы «Үздік оқырман отбасы» байқауы ата-аналарды да, оқушыларды да қамти білді. Ата-аналар да балаларымен бірге сахналық қойылымда кейіпкерлердің рөлін сомдап, өз белсенділіктерін көрсеткен-ді.
Байқау нәтижелері сахналық қойылымдағы сюжеттің өзектілігі, кейіпкер бейнесін ашу, эстетикаға сәйкестілігі, режиссерлік ойдың нақтылығы тәрізді талаптар негізінде айқындалды. Сайыста үздік өнер көрсетіп, жоғары белсенділік танытқан ата-аналар мен оқушылар жекелеген номинациялар бойынша марапаттарға ие болды.

Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.