Марапат биігінде ақ халаттылар

0

Дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Ол үшін ең алдымен батыл жүректі, еңбек сүйгіш, табанды болу қажет-ақ. Осындай асыл қасиеттер бойынан табылатын ақ желеңді абзал жандарға деген құрмет жыл өте арта түспесе, еш кеміген емес. Қызметіне қалтқысыз берілген дәрігерлердің кәсіби мерекесіне орай бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Өмір мен өлім арасында жатқан талай жанға қайта жарық сәуле сыйлап, бақытқа бөлейтін маман иелерін ең алдымен аудан әкімі Мәден Мұсаев құттықтады: «Аудан тұрғындарының денсаулығын сақтауда, оларға сапалы, білікті медициналық көмек көрсетуде сіздердің еңбектеріңіз зор. Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, күш — жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілеймін. Кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер!»,–деген аудан басшысы өз саласының нағыз шебері атанып, жұмысын мүлтіксіз орындап жүрген үздік медицина қызметкерлерін марапаттады. Атап айтатын болсақ, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Ноғайбай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының акушері Дариға Алмасбекова, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен Жамбыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының акушері Патима Өмірханова, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен Степной ауылдық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Раиля Алиева марапатталды. Ал, медицина саласының ардагері Маржанкүл Джангарашева, Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова, Қордай аудандық орталық ауруханасының жедел жәрдем фельдшері Дуйсебек Молжігітов, Қордай аудандық орталық ауруханасының перзентхана және гинекология бөлімінің меңгерушісі Қарлыгаш Рысқұлова Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасына ие болса, Қаракемер дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Урмат Абылов, Әлжан ана дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Люсякуль Сабатанова, Булар батыр дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Рахим Фушанло, Қордай аудандық орталық ауруханасының терапия бөлімінің медбикесі Динара Сатыбалдиева, №6 орта мектебінің медбикесі Назира Сарбагышева, Ноғайбай дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Шыңғыс Мадияр, Қордай аудандық орталық ауруханасының жан сақтау бөлімінің медбикесі Назгүл Абжанова Қордай ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Мәден Тоқтарбайұлы өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді абыроймен атқарып, кәсібіне адалдық танытқаны үшін бірқатар сала мамандарын құттықтап, «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының Алғыс хатымен марапаттады.
Осыдан кейін сахнаға шығып әріптестерін төл мерекелерімен құттықтаған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын «Жылдың үздік дәрігері» байқауының биылғы жеңімпазын баршаға таныстырды. 2022 жылғы ауданымыздың үздік дәрігері – Қордай аудандық орталық ауруханасының балалар бөлімінің меңгерушісі Ирина Пак атанып, жеңімпаз қаржылай сертификатқа ие болды. Марапаттар легі мұнымен толастамады. Дәрігерлердің кәсіби мерекесіне орай орталық аурухана әкімшілігі бөлімшелер арасында «Ең үздік бейнеролик» байқауын ұйымдастырыпты. Салтанатты жиын барысында ол көпшіліктің назарына ұсынылып, үздік бейнеролик дайындаған жансақтау, перзентхана және қабылдау бөлімшелеріне қаржылай сертификаттар табысталды.
Жалпы ауданның медицина саласы жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Аудан бойынша медициналық қызметтер көрсететін мекемелер саны артып, орталық аурухана біртіндеп соңғы үлгідегі жаңа технологиялармен толықтырылуда. Аудандық медицинаның қалыптасу жолында сала ардагерлерінің еңбектері өлшеусіз. Осыған орай аудан әкімі және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет жүректері мейірімге толы ардагер дәрігерлерге құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын табыс етті. Адам жанының арашасы атанған медицина қызметкерлеріне арналған салтанатты жиын аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.