Денсаулық – бұл адамның ең басты байлығы, және оны қорғау мен нығайтуда медицина қызметкерлерінің рөлі орасан зор. Қордай ауданында денсаулық сақтау саласының мамандарының адал еңбегі биыл кәсіби мерекелері қарсаңында ерекше атап өтілді. Бұл күні ауданымыздың 1500-ге жуық адамы медицина қызметімен айналысып, халықтың алғысына бөленуде.
Медицина – адам жанына араша болатын, жер бетіндегі ең ізгі және ең қастерлі кәсіптердің бірі. Медицина қызметкерлері науқастардың өмірін сақтап қалу үшін күнделікті күресіп, өздерінің білімі мен дағдыларын жұмсап, адал қызмет атқарады. Олардың еңбегі тек кәсіби шеберлігін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар адамгершілік, жанашырлық пен төзімділікке негізделген.
Мерекелік шараға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер кеңесінің төрағасы және медицина саласының ардагерлері қатысты.
Қордай ауданының әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, мемлекет басшысының халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстарын атап өтті. Әсіресе, сала ардагерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық екенін айтты. Олар денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
«Құрметті медицина саласының қызметкерлері, құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халық денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Әсіресе, сала ардагерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді аудан басшысы.
Мерекемен байланысты сала үздіктері марапатталды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хаты, аудан әкімінің, «Әділет» партиясы аудандық филиалының, аудандық орталық аурухана басшылығы мен QаzМеd» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы филиалы Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ, бірқатар қызметкерлерге «Үздік медицина маманы» және «Мейірімді медбике» төсбелгілері берілді.
Ауданымыздағы медицина қызметкерлерінің атқарған жұмыстары және олардың халық алдындағы жауапкершілігі жоғары. Бүгінгі марапаттау шарасы олардың еңбегін бағалаумен қатар, медицина саласындағы жетістіктерді атап өту үшін ұйымдастырылған. Әрбір медицина қызметкерінің жеке үлесі, науқастарға көрсеткен қамқорлығы мен шынайы қатынасы – бұл қайырымдылықтың, мейірімділіктің және адамгершіліктің бірегей мысалы.
Денсаулық сақтау саласының болашағы тек бүгінгі күн емес, ертеңгі күнге де сенім беретін мықты қолдарда. Қордай ауданының медицина қызметкерлері қоғамның дамуына үлкен үлес қосып, болашаққа қадам басып келеді. Олардың еңбегі, кәсібилігі мен жанашырлығы барша халықтың алғысына лайық.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ