Мемлекеттік қызметкерлер марапатталды

0

Мемлекеттік қызметшілер күні еліміздің мемлекеттік қызметкерлерінің қажырлы еңбегін атап өтетін ардақты мереке. 2014 жылдан бері аталып келе жатқан бұл күн мемлекеттік қызметке адалдық, жауапкершілік және қызмет көрсету мәдениетін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған

Қордай ауданының мемлекеттік қызметкерлері осы атаулы күнді ерекше бұқаралық шара ретінде аудандық Мәдениет үйінде атап өтті. Шара еліміздің Мемлекеттік Гимнімен ашылып, мемлекеттік қызметтің маңыздылығын әрі мәртебесін айқындауға септігін тигізді. Салтанатты жиында алғашқы сөз аудан әкімі Бегзат Болатбековке берілді. Ол мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орны мен рөлін атап өтті.

«Мемлекеттік қызмет – бұл жоғары жауапкершілік пен адалдықты, терең білім мен кәсіби біліктілікті талап ететін мәртебелі міндет. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен халықтың сенімі – сіздердің адал еңбектеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіздің нәтижесі»,-деді аудан басшысы сала мамандарын мерекелерімен құттықтап.

Жиында аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов та сөз алып, мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады. Нұрдин Есенгелдіұлы мемлекеттік қызметтің қоғамға және елдің дамуына сіңіретін еңбегін ерекше атап өтіп, барлық қызметкерлерге алдағы уақытта ауданның, қоғамның және мемлекеттің мүддесі үшін жемісті жұмыс істеулерін тіледі.

Өз саласында үздік деп танылған мамандар облыс, аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының «Алғыс хаты», «Құрмет» грамотамаларымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Шараның маңызды бөлігі мемлекеттік қызметтің табалдырығын алғаш аттаған жас мамандардың ант қабылдауы болды. Олар мемлекеттік қызметке адал әрі бір табан ертең үшін жауапкершілік сезініп, Отанға қызмет етуге серт берді. Ант берген жас маманның бірі өздерінің мемлекеттік қызметке қабылданғаны үшін қуанышты екендігін жасырмады.

«Мен елімнің өсіп-өркендеуі үшін бар күш-жігерімді, білімімді жұмсап, аянбай қызмет етуді, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосуды парызым санаймын»,-деді жас мемлекеттік қызметкер Сұлтан Аляхимет. Мұндай жігерлі сөздер жастардың Отанға деген патриоттық сезімін және білім мен тәжірибесін ел игілігі үшін жұмсауға деген дайындықтарын білдіреді.

Шара, ауданның өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Бұл күні мемлекеттік қызметкерлер халықтың сенімі мен игілігі үшін жұмыс істеп, кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін әрдайым дайын екенін тағы да бір рет дәлелдеді. Шараның мақсаты – мемлекеттік қызметтің абыройын асқақтатып, қызметкерлерге қолдау көрсету. Мемлекеттік қызмет –азаматтардың әл-ауқаты мен елдің келешегі үшін жауапкершілік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.