МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – БІРІКТІРУШІ ФАКТОР

0

Дүйсенбі күні аудан әкімі М.Мұсаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында ауданда мемлекеттік тілді игеру мәселесі қаралды. Бүгінгі таңда қазақ тілін меңгерудегі басымдықтар мен 2020 жылғы желтоқсанда құрылған «Тілдерді оқыту орталығының» жұмысы жайында аталмыш мекеме директоры Ә.Итжанова баяндады.
Орталық басшысының айтуынша, бүгінгі күнге тілдерді игеру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сабақтар тегін өтеді. Тыңдаушылар оқу құралдарымен және басқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «Қазақ тілін бірге оқиық» сөздігі, ақпараттық парақшалар мен 56 түрлі оқулықтар таратылған. Жалпы, 2021 жылдың қаңтар айынан қазақ тілін меңгеру курстарында 47 топ, 592 тыңдаушы оқып, 572 тыңдаушыға сертификат берілген. Бүгінгі күнге 36 топ, 445 тыңдаушы тілді меңгеруде. Алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында жылдық жоспар әзірленген. Сонымен бірге тілді ашық аспан астында оқу бойынша интерактивті курстар, «SOILE» клубының жұмысы ұйымдастырылған. Аталмыш іс-шара аясында клубтың 9 отырысы өтіп, оларға 130 тыңдаушы қатысқан. Бұл мемлекеттің тілді оқытуда жақсы көрсеткіштерге жету мақсатында үлкен жұмыс қолға алғанының дәлелі болып табылады.
Жиынға жақсы көрсеткіш көрсеткен тыңдаушылар да қатысты. Баяндамашының айтуынша, «Ботақан» бөбекжайының тәрбиешісі Санюра Юбур жастар арасында өткен «Мемлекеттік тіл – мерейім» атты облыстық байқауда 2 орын алған. Атқарылған жұмыс осындай нәтиже берген. Дегенмен, аудан басшысы бұл бірлі-жарым іс болмау керек екенін атап өтті. Мемлекеттік тілге қызығушылық және оны меңгеру бұқаралық болуы қажет, әсіресе бұл Масаншы мен Сортөбе ауылдарына қатысты. Мәден Тоқтарбайұлы мемлекеттік тіл – халықты біріктіруші фактор болып табылатынын атап, Орталық алдына жауапты міндет қойылғанын тілге тиек етті.
-Бұл іс есеп және сандармен шектелмеу керек. Атқарылған жұмыстың нәтижесі ретінде біз жақынарада аудан тұрғындарының мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергені жайлы айтуымыз қажет. Ол үшін сабақ беру сапасы, оқытушылардың білім деңгейі, оқушыларды қызықтыра білу сынды бірнеше фактор ескерілуі тиіс, — деді М.Мұсаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.