«НӘЗІК ЖАНДЫЛАРДЫ АЯЛАЙЫҚ»

0

Ата-бабамыз «Қыз – қонақ», «Әйел – отбасының ұйытқысы», «Әйелің – аманатың» деп нәзік жандылардың қоғамдағы орнын бағалап, оларды аялауды ерлерге міндеттеген. Тіпті, қыз баласы отырған жерде дөрекі сөйлемеудің өзі сол тарихымыздан жалғасып келе жатқан мәдениет емес пе? Дегенмен, бүгінгі таңда атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл ұғымдарға сызат түскендей. Қазіргі қоғамда батырлығын үйіндегі баласы мен әйеліне көрсетіп, қол көтеріп, отбасының шырқын бұзып жатқан азаматтар саны артуда.
Оған дәлел – еліміздің әр өңірінде ашылып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтары. Мұндай мекеменің біздің ауданымызда да болуы – Қордайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың сейілмей тұрғанын көрсетсе керек. 15 орындық дағдарыс орталығы біздің ауданда 2020 жылы 19 қарашада ашылды. Тағдыр тәлкегіне түскен қыз-келіншектерге пана болған мекеннің бүгінгі жайы, осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстары туралы білу мақсатында орталықтың директоры Шынар Бейсембаевамен сұхбаттастық.
-Дағдарыс орталығында бүгінгі таңда қанша бала, неше әйел бар? Олар қандай жағдайда түседі?
– Бүгінгі күнге орталықта 5 әйел, 16 бала қызмет алуда. Бізге әйелдер түрлі жағдайда қайырылады, көбінесе күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар, ата-енесінен қысым көрген келіншектер, нашақорлыққа немесе ішімдікке үйір күйеулерінен зәбір көргендер, т.б. Мысалы, орталықтағы бір қызмет алушы әйелдің жұбайы нашақор. Ол наша алу үшін үйіндегі бар затты сатып, тіпті, балаларға төленетін ай сайынғы жәрдемақыны да алып алатын күйге жеткен. Ақша таппаса, әйелін «наша алатын қаражат тауып бер» деп ұрып-соғатын болған. Есірткіге еліккен күйеуінен әбден жапа шеккен әйел ақыр-соңында балаларын алып, дағдарыс орталығына көмек сұрап келді. Тағы бір қызмет алушы күйеуімен ажырасып, анасының үйіне келген. Анасы балаларының өгей әкесінің жағдайын жасау үшін түрлі сылтау тауып, ұрыс шығарып, қызын үйден кетуге мәжбүрлеген. Айта берсек, мысал көп…
-Әйелдер және балалармен қандай мамандар жұмыс істейді?
-Орталықта қызмет алушыларға бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бағалаушы маманы, аудандық полиция бөлімінің ӘЗЗҚ инспекторы және орталық психологі, заңгері, әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшілерінің қатысуымен бағалау жүргізіліп, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша кезекті комиссия отырысының шешімі негізінде Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен қабылданады.
Орталыққа келген әйелде күш көрсету, психологиялық, экономикалық, сексуалдық зорлық-зомбылық түрлері танылып, бағалау парағынан өткен соң орталыққа қабылданады. Мұндай жандарға ҚР Денсаулық сақтау және даму министірінің 2016 жылғы 21 желтоқсанындағы №1079 бұйрығымен бекітілген стандартқа сәйкес 8 бағытта қызмет түрлері көрсетіледі. Орталық ашылғалы бері 178 қызмет алушы яғни, 56 әйел және кәмелеттік жасқа толмаған 122 бала қабылданды. Әйелдер мен балаларға психологиялық көмек көрстіліп, еңбек терапиясымен қамтылып, мәдени іс-шаралар жүргізіліп, балаларды мектепке, балабақшаға тегін орналастырып қосымша үйірмелерге қатыстыру жұмыстары жүргізіледі. Тәулігіне төрт мезгіл ыстық тамақ беріледі, ең қажетті киімдер, жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етіліп, үй жағдайындағыдай еркін жүріп-тұруға мүмкіндік жасалған.
-Балалардың психикасында от-басылық жанжалдың ізі байқала ма?
-Отбасындағы жанжал, зорлық-зомбылықты бастан кешірген балалардың өзін-өзі бағалауы төмендеп, депрессия, стресс, неврозға жиі ұшырайды. Отбасындағы рухани тепе-теңдіктің бұзылуы баланың дамып келе жатқан психикасына кері әсерін тигізіп, есейген шағында бала агрессивті, ашушаң, зорлық-зомбылыққа бейім болуы мүмкін.
-Отбасымен қайта татуласып кететіндер бар ма?
-Иә, ондай жағдайлар көп. Орталықтың басты мақсаты да сол – отбасының қайтадан қосылуына ықпал жасау. Артынан іздеп келген туыстары және күйеуімен ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі, Дін проблемалары басқармасының инспекторлары, Қордай ауданының бас имамымен бірлесе жұмыс жүргізудің нәтижесінде 2021 жылы — 9 әйел, 24 бала, 2022 жылы — 13 әйел, 29 бала отбасыларына оралды.
-Орталық 2020 жылы 15 орындық болып ашылғаны белгілі. Ал 2023 жылдың 21 қаңтарынан 21 төсек-орынға ұлғайтылыпты. Бұл Қордай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейгенін көрсете ме? Неліктен орын санын арттыру қажеттігі туындады?
-Біріншіден, дағдарыс орталығы тек аудан көлемімен шектелмейтінін айта кету қажет. Орталыққа егер, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарындағы жеке тұлғалар, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары деп танылған жағдайда қабылданады. 2022 жылы барлығы 74 қызмет алушы қабылданды, оның ішінде Қордай ауданынан (17 әйел, 33 баласымен) бөлек, Жамбыл (1 әйел, 3 бала), Меркі (3 әйел, 7 бала), Т.Рысқұлов (1 әйел, 2 бала) және Шу (2 әйел, 5 бала) аудандарынан қабылданған болатын.
Орталыққа қайырылушы әйелдер санының артуына байланысты, 2022 жылдың қыркүйегінде Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Е.Келесовке орталық ғимаратындағы үш жатын бөлмеге екі деңгейлі үш төсек, жалпы 6 төсек орын қосуға сұраныс жолданып, осы басқарма Бұйрығына сәйкес 2023 жылдың 21 қаңтарынан бастап бюджеттік бағдарламаға негізделіп, орталық 15 төсек-орыннан 21 төсек-орынға ұлғайтылды.
-Отбасында жәбір көретін, бірақ оған шыдап жүре беретін әйелдерге не айтар едіңіз?
-Ең бірінші, әйел мұндай қарым-қатынаста өмір сүру мүмкін емес екенін саналы түсінуі маңызды. Әрбір әйел өзінің және балаларының өмірі әлдеқайда құнды екенін ұмытпауы қажет. Кез-келген тығырықтан шығу жолдарын қарастыру маңызды деп ойлаймын. Ең бастысы, өзіңді бағаламайтын адамға өміріңді құрбан етпеу керек. Тығырықтан шыға алмай жүргендер әрқашан дағдарыс орталығының әлеуметтік көмектеріне жүгіне алады.
-Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.