НЕСИЕ ТӨЛЕЙ АЛМАҒАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

0

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтыр мамыр айында бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізген еді. Соның ішінде кредиттік ұйымдардың қарыз алушы-жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режімі де бар. Енді мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушы жеке тұлғалар өз кредиттерін немесе микрокредиттерін қайта құрылымдау мәселелерін құқықтық өріс шеңберінде азаматтардың өтініштерін қарауға міндеттелген кредиторлармен тікелей шеше алады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, бұл бірыңғай құқықтық режім қарыз алушыда қиындықтар туындауының алғашқы кезеңдерінде берешекті реттеуге ықпал етеді, ол әрі қарай борыштық жүктемені азайтуға және оның қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмауға мүмкіндік береді.
«Бірыңғай құқықтық режім қолданыла бастағаннан бері 25 979 қарыз алушы өз қарыздары бойынша талаптарды жақсарту жағына қарай өзгертті. Мәселен, 23 788 шарт бойынша негізгі борыш немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді, 16 413 шарт бойын-ша – қарыз мерзімі өзгертілді. Бұдан басқа, 861 қарыз бойынша сый¬ақы мөлшерлемесі төмендетілді, ішкі қайта қаржыландыру ұсынылды немесе өтеу әдісі өзгертілді. Егер сіздің кредит бойынша мерзімі өткен берешегіңіз болса, мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін бірінші кезекте кредиторға (банкке немесе МҚҚЖҰ-ға) жазбаша өтінішпен немесе шартта көрсетіл¬ген басқа тәсілмен жүгінуіңіз керек», дейді Александр Терентьев.
Қарыз алушы өзінің өтінішінде міндеттемелерді орындамауының себебін көрсетуі қажет. Кредитті төлеу кезінде туындаған қиындықтарды растайтын құжаттардың болуы маңызды. Сонымен қатар тұтынушылар да міндеттемелерді орындау бойынша өз нұсқаларын ұсына алады. Ол нұсқалар: сыйақы мөлшерлемесін төмендету; төлемді кейінге қалдыру; шарттың қолданылу мерзімін, өтеу әдісін өзгерту; өзінің қаржылық жағ-дайын ескере отырып, жаңа төлем кестесін құру немесе кепіл мүлкін өз бетінше сату болуы мүмкін.
Кредитор қарыз алушының өтінішін қабылдауға, тіркеуге, қарауға және күнтізбелік 15 күн ішінде жауап беруге тиіс. Ол қарыз алушы ұсынған шарт талаптарына өзгерістерді қабылдай отырып келісуі, шарт талаптарын өзгерту жөнінде өз ұсыныс¬тарын беруі немесе себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тартуы мүмкін.
«Егер қаржылық қызметтерді тұтынушы кредитормен келісімге келе алмаса, онда ол Агенттікке жүгінуге құқылы. Бұл ретте өзінің кредиттік ұйымға жүгінгенін және өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмегенін растауды міндетті түрде ұсыну қажет», деп кеңес береді Александр Терентьев.
Агенттікке өтінішті жеке өзі немесе тиісті сенімхаты бар ресми өкіл арқылы беру керек. Өтінішті жазбаша түрде немесе e-otinish ресми өтініш беру сервисі арқылы беруге болады. Әлеуметтік желілер, электронды пош¬та және Агенттіктің мессенджерлері өтініштерді қабылдаудың ресми арналары болып саналмайды.
Өтініш берген кезде міндетті түрде ЖСН-ді, өтініштің мәнін көрсету, сондай-ақ ілеспе және растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Осы ақпарат қамтылмаған өтініштер, сондай-ақ өтініш берушіні идентификаттау мүмкін болмайтын өтініштер қаралмайды.
«Ай сайынғы деректерді талдау, проблемалық берешек мәселелері бо-йынша қаржы реттеушісіне азаматтардан келіп түсетін өтініштер санының осы жылдың басымен салыстырғанда 26,7 пайызға азайғанын көрсет¬ті. Бұл қарыз алушылардың процес¬ті тікелей қаржы ұйымымен реттей алатындығын білдіреді. Қаржы ұйымдарының өздері баланста бейінді емес активтер көлемін ұлғайту орынсыз екенін түсінеді, сондықтан заң шеңберінде берешекті реттеуге оң көзқараспен қарайды», деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.
Жағдайдан оң нәтижемен шығуға қарыз алушы ғана емес, сондай-ақ кредитор да мүдделі. Қарызды қайта құрылымдау сияқты мәселені реттеу бойынша шаралар неғұрлым ерте қабылданса, соғұрлым екі тарапқа да қолайлы нұсқа табылады.
«Кредиттер мен микроқарыздарды ресімдеу мәселелеріне қатысты терең ойланып, ақылға қонымды шешім қабылдауы қажет. Қарыз алушы кредит – бұл жауапкершілік екенін және кез келген кредитті қайтару керектігін нақты түсінуі керек. Кредит¬тік ұйымға хабарласпас бұрын, алдымен қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалауды естен шығармаңыз. Сондай-ақ борыш жүктемесі коэффициенті туралы еске саламыз. Қарыз алушының ай сайынғы төлемі оның ресми кірісінің жартысынан аспауға тиіс», деді ол.
Кредит рәсімдемей, жалпы кредит алу туралы шешім қабылдамай тұрып, шартты толығымен оқып шығу, қарыз беру мерзіміне мән беру, сыйақы мөлшерлемесін білу, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін сұрау, ай сайынғы төлем мөлшерін білу және өтеу әдісінен хабардар болу, шарт бойынша міндеттеме орындалмай қалған жағдайда қандай тәуекелдер туындайтынын және қарыз алушыға қандай жауапкершілік жүктелеріне назар аудару қажет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.