ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ИГІЛІК КӨЗІ

0

Қордайлық аграршылар масақты дақылдарды жинауды бастап кетті. Диқандар 68400 гектар алқапқа себілген егінді шашау шығармай жинап алу қажет. Ал, биылғы жылы 22200 гектарға күздік бидай мен 46200 гектар алқапқа арпа себілген. Олардың барлығын жинап алуға 92 комбайн жұмылдырылмақ.
Соңғы жылдары ауданымыздағы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер агротехнологиялық іс-шаралардың кешенді жұмыстарын жүргізіп, жақсы өнім алу үшін егіс алқаптарын әртараптандыру, жоғары рентабельді дақылдарды себу жұмыстарына аса мән беріп отыр.
Жалпысы, биыл аудан бойынша 131820 гектар алқапқа масақты, дәнді-дақылдар, көкөністер себілген. Егіс алқаптарының басым бөлігін дәстүрлі түрде арпа және күздік бидай дақылдары алып, 6750 гектарға көкөніс, 3700 гектарға картоп, 8000 гектарға жүгері егілді. Аудан шаруалары үздік агротехникалық мәселелерді де қалт жібермейді. Бұл ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз етіп, өңдеуші кәсіпорындардың шикізат көлемін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Еске сала кетсек, көктемгі дала жұмыстары тиімді жүргізілуі үшін шаруалар жеңілдетілген жанар-жағармаймен, сапалы тұқыммен, тыңайтқыштармен және техникамен дер кезінде қамтамасыз етілген болатын. Егін жинау науқаны күнделікті бақылауда. Осыған дейін аудан әкімі Мәден Мұсаев Бетқайнар ауылдық округінде егін орағына дайындық барысымен танысып қайтқан болатын. Биылғы астық ресурстары ауыл шаруашылығы құрылымдарын тұқыммен қамтамасыз етуге және астықтың жақсы қорын жасақтауға мүмкіндік туғызбақ.
Мәселен, «Мақұлбаев» шаруа қожалығы бидай, арпа, жүгері өсіреді. Бұл облыстағы мықты ауылшаруашылығы құрылымдарының бірі. Биыл 350 гектар арпа, 300 гектар күздік бидай орылуы тиіс. Шаруа қожалығының диқандары барлығын ойдағыдай орындап шығамыз деп білек сыбанып отыр.
«Нұр-Ал» ЖШС-де 300 гектар арпа, 350 гектар күздік бидай бар. Серіктестік жұмысын жоғары сапалы тұқым мен озық агротехнологиялық талаптарды қолдану арқылы жүргізілді. Күздік бидайды өсіру кезінде элиталық сорттарға артықшылық беріледі. Осыдан болар, олардың жыл сайынғы көрсеткіштері артып келеді. Шаруашылықта рекордтық өнімділігімен ерекшеленетін ауыл шаруашылығы техникасы жеткілікті. Соңғы жылдары техникалық жарақтандыруға аса мән берген шаруашылықта үлкен өзгерістер іске асуда. «Нұр-Ал» ЖШС облыс бойынша келешегі зор ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі саналады. Оның ерекшелігі – мұнда олар дәнді дақылдардың элиталық сорттарын өсірумен шектеліп қоймай сүт пен ет өндіруге үлкен мән беруде. Мал шаруашылығын да шалқытып отырған жайы бар.
Ал, «Қақпатас-Қордай» ЖШС-де дәнді дақылдарды өндірудің заманауи технологияларын сәтті қолданып жүрген шаруашылық деп атауға толық негіз бар. Серіктестік аймағымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып, дәнді дақылдар мен мал азығын дайындайды. Ауылшаруашылық техникалары сай, нарықтан өз орнын тапқан, бүгінгі таңда барлық стандарттарға сай жұмыс жүргізетінін ерекше атап өтуге болады. Қазір серіктестікте мал азығын жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сүт – экономиканың негізгі өнімдерінің бірі. Оның өндірісінің негізінде кәсіпорынды одан әрі дамытудың бүкіл стратегиясы мен тактикасы құрылады.
Мемлекет басшысының елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмасына аса мән берген қордайлық шаруалар өнім көлемін бұдан әрі де арттыруды көздеп отыр.
Егін орағы науқанын заманауи ауылшаруашылық техникасының көмегімен жүргізу де маңызды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауылшаруашылығы саласы техникалық қайта жарақтандырылуда, инновациялық технологиялар енгізілуде, егіс алқаптарына жаңа техникалар – жоғары технологиялық астық жинайтын комбайндар, егіс кешендері, жаңа тракторлар және жер өңдеудің басқа да техникалық құралдары келуде. Жыл сайын ауылшаруашылық құрылымдары даму қарқынын арттырып, дақылдардың көлемі де артып келеді.
Өңірде мемлекет қолдауының нәтижесінде ауылшаруашылығы саласында айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар екенін шаруалардың қол жеткізген жетістіктерінен-ақ байқауға болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауылдағы аграрлық техникалық паркті жаңартпайынша жұмыс алға баспасы белгілі. Сондықтан қазір шаруалар алдында машина-трактор паркін жаңартуды жалғастыру міндеті тұр.
Айта кетерлігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыты – ауыл шаруашылығы саласы, оған жергілікті шаруалар да қомақты үлес қосып келеді. Ауа-райы қолайлы болып, техника сыр бермесе диқандар биыл барлық ауылшаруашылық дақылдарынан мол өнім алудан үмітті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.