ОҚУ МЕН ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ

0

Қордай аудандық орталық кітапханасының коворкинг орталығында «Ұлттық кітап» күніне орай аудандық полиция бөлімінің жас қызметкерлерімен кездесу өтті.

Кездесуге Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жасұлан Байысов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Айдос Тобышақов қатысты. Онда спикерлер кітап оқудың маңыздылығына, республикалық баспасөздің дүниетанымды қалыптастырудағы рөліне тоқталып, кітаптың адамды рухани байытатын негізгі құндылықтардың бірі екенін атап өтті.

Кітапхана қызметкері Арай Ембердиева мекеменің қызметі, оқырмандармен жұмыс жүргізудің заманауи форматтары және жастарға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы кеңінен таныстырды.

Кездесудің негізгі өзегі «Тасқын» шығармасына арналды. Жазушы Кемел Тоқаев қаламынан туған бұл туындыдан үзінділер оқылып, мазмұны жан-жақты талқыланды. Әсіресе шығармадағы ар-намыс, әділдік, жауапкершілік сияқты адамгершілік құндылықтарға ерекше назар аударылды. Бұл қасиеттер құқық қорғау саласында қызмет ететін мамандар үшін де аса маңызды екені айтылды.

Кемел Тоқаевтың шығармалары өмір шындығына негізделіп, адам тағдыры арқылы қоғамдағы маңызды мәселелерді көтереді. Сол арқылы оқырманға әділдік пен адалдықтың мәнін терең түсінуге жол ашады.

Кездесу мазмұнды әрі жылы атмосферада өтіп, қатысушыларға кітаптың тек білім көзі ғана емес, тұлғалық және кәсіби дамудың маңызды құралы екенін тағы бір мәрте ұқтырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.