«КІТАП, ҒАЛЫМ – ТІЛСІЗ МҰҒАЛІМ»

0

Еліміздің рухани өмірінде ерекше орын алатын Ұлттық кітап күні 23 сәуірде аталып өтеді. Бұл мереке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітіліп, мәдени және білім беру жүйесінде жаңа белестерді айқындап берді. Сонымен қатар, бұл күн кәсіби Кітапханашылар күнімен тұспа-тұс келіп, кітапханашыларға ерекше құрмет көрсету мақсатын көздейді.

Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бұл атаулы күнге орай арнайы шара ұйымдастырды. Аудандық Мәдениет үйінде өткен іс-шарада аудандық «АМАНАТ» партия филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов шымылдықты ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған бастамаларының маңыздылығына тоқталды. Ол кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Шара аясында аудандық кітапханалар қорындағы құнды әдебиеттерден көрме ұйымдастырылып, келушілерге танымал кітаптар насихатталды. Көрмеде бірнеше әдеби бағыттар қамтылды, соның ішінде классикалық әдебиет, балалар әдебиеті, ғылыми әдебиеттер және заманауи жазушылардың шығармалары.

Оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері арасында осындай шаралар ұйымдастыру, қоғамды кітапқа, білімге, руханиятқа жақындату мақсатындағы маңызды қадамдар.

Шараның соңы аудан көркемөнерпаздарының өнер көрсетуімен қорытындыланды. Күмбірлеген күй төгіліп, әсем әндер шырқалды.

Ұлттық кітап күні – жастардың болашағын зерттеу, білім мен мәдениетті жаңғыртуға бағытталған мейрам. Ол әрбір кітапханашының мақтанышы мен ісіне деген ынтасын арттырып, руханияттың діңгегіне айналады. Кітап – бұл білім бастауы, оның көмегімен әрбір адам өз жолын тауып, дүниені тануға мүмкіндік алады.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.